
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қытай Халық Республикасының Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының (NAFRA) басшысы Лю Хуаньсиньмен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелерін талқылады.
Ермек Кенжеханұлы Қытай Қазақстанның аграрлық саладағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 36,8%-ға өсіп, 1,97 млрд АҚШ долларын құрады. Ал биылғы жылдың қаңтар–наурыз айларында бұл көрсеткіш 61,7%-ға артып, 697 млн долларға жетті.
Былтыр Қытайға экспортталған агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің көлемі 35,3%-ға өсіп, 1,43 млрд АҚШ доллары болды. Негізінен мал азығы, өсімдік майлары, зығыр және күнбағыс тұқымдары, рапс майы экспортталды. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында экспорт көлемі 82,4%-ға артып, 550 млн долларды құрап отыр.
Қазіргі уақытта екі ел арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 34 түрін экспорттауға қатысты хаттамаларға қол қойылған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 21 түрі және мал шаруашылығы өнімдерінің 13 түрі бар. Қытайға өнім тасымалдауға рұқсат етілген тізілімге 3601 кәсіпорын енгізілген.
Өз кезегінде Лю Хуаньсинь екі ел арасындағы аграрлық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтып, Қытай тарапы сапалы өнімдерді тұрақты жеткізуге қызығушылығы зор екенін жеткізді.
«Қазақстан Қытай үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің тұрақты тізбектерін дамытуда маңызды серіктес саналады. Біз астық саудасы, логистика және қайта өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сауданы кеңейтуге және бірлескен жобаларды қолдауға дайынбыз», — деді NAFRA басшысы.
Кездесу барысында астық пен майлы дақылдарды ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы жеткізу мүмкіндіктеріне, логистикалық хабтар мен «құрғақ порттарды» құруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу технологияларымен алмасуға ерекше назар аударылды.
Келіссөздер кезінде астық саудасындағы цифрлық құралдарды дамытуға айрықша назар аударылды. Қазақстан тарапы Қытайдың астық саудасына арналған цифрлық платформаны енгізу тәжірибесін зерделеуге ынталылық танытты.
Кездесу соңында бірлескен қазақ-қытай астық сауда платформасын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай мен Орталық Азия елдерінің іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл алаң Қытай тарапының қолданыстағы Ұлттық интернет-астық сауда платформасы негізінде құрылып, екі елдің бизнес өкілдеріне бәсекелі сауда-саттық пен тікелей келіссөздер арқылы мәмілелер жасауға мүмкіндік береді.
Негізгі өнім түрі соя мен басқа да майлы және май өндіруге арналған дақылдарға бағытталады.
Сонымен қатар, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен NAFRA арасында өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы мен NAFRA жанындағы Астық саудасын үйлестіру орталығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1224873?lang=ru

Жауап қалдыру