Жамбыл облысының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғауға және бизнеске кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жоюға бағытталған ауқымды ZHAMBYL INVEST CARAVAN 2026 акциясын бастады.
Жобаның бастамашысы облыс прокуроры Берик Абилов. Жаңа жұмыс форматы инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқан орындарда кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатуды көздейді.
Акцияның алғашқы бағыты ретінде бүгінде жалпы құны 167,1 млрд теңгені құрайтын 28 жоба іске асырылып жатқан «Тараз» индустриялық аймағы таңдалды. Қазіргі таңда мұнда алты өндіріс іске қосылып, 237 жұмыс орны құрылған. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарының саны 1900-ден асады.
Көшпелі кездесу барысында инвесторлар жобалардың іске асуын тежеп отырған мәселелерді ашық айтты. Атап айтқанда, электр қуатының тұрақсыздығы, жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігі және рұқсат құжаттарын алу мерзімінің ұзақтығы көтерілді.
Осындай мәселелердің бірі шетелдік инвестор – «Kaz FMWORLD Agricultural Machinery» ЖШС-нің тракторлар мен комбайндар шығаратын зауыт салу жобасына қатысты анықталды. Прокуратура Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс жұмыстарын бастауға қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) беруден негізсіз бас тартқанын анықтады.
Инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында облыс прокуратурасы жедел түрде қадағалау актісін енгізді.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс прокуроры мемлекеттік органдарға инвесторлардың проблемалық мәселелерін қысқа мерзімде шешуді және әкімшілік кедергілерді жою бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
ZHAMBYL INVEST CARAVAN 2026 акциясы облыстың барлық аудандарында жалғасып, бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған тұрақты алаңға айналады.
Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 775 891 25 52 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhambyl/press/news/details/1225195?lang=ru

Жауап қалдыру