
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Өскемен қаласындағы №42 орта мектеп оқушылары үшін Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің тарихи мұражайы мен жедел басқару орталығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында оқушыларға полиция қызметінің тарихы, ішкі істер органдары қызметкерлерінің әр кезеңдегі қызмет ерекшеліктері, киген формалары және пайдаланған техникалық құралдары туралы қызықты мәліметтер айтылды.
Балалар мұражай жәдігерлерін ерекше қызығушылықпен тамашалап, түрлі сұрақтар қойды. Әсіресе бұрынғы жедел қызметкерлер қолданған қалам түріндегі тапанша оқушылардың назарын аударды.
Сонымен қатар оқушылар жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Үлкен экран арқылы бейнебақылау камераларының көмегімен қала көшелері, мектеп маңы және өздері тұратын аудандар көрсетілді. Полицейлер балаларға заманауи бейнебақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және оның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын түсіндірді.
Танымдық шара оқушыларға полиция қызметінің ерекшеліктерін жақынырақ танып-білуге, заң талаптары мен қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1225539?lang=ru

Жауап қалдыру