
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Онда өңірдегі негізгі міндеттердің орындалу барысын тексеріп, ірі индустриялық әрі энергетикалық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты. Жұмыс сапары барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту, жылыту маусымына дайындық, жылу энергетикасы мен газбен қамту жұмыстарын жалғастыруға ерекше назар аударылды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Теміртауда Qarmet металлургиялық комбинатында болып, өндірістік процестермен және кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасымен танысты.
«Домна пештерін табиғи газға ауыстыру мазутты пайдалануды толығымен тоқтатып, қондырғының орнықты жұмысын нығайтуға және қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік берді», — деді Qarmet корпорациясының басқарма төрағасы Петр Трушин.
Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаевқа комбинаттың жаңа өндірістік нысандарын салу барысы туралы баяндалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,8 млн тонна болат шығарған. «5-9-5» стратегиясы аясында 2028 жылға қарай компания өндірісті 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна темір кені концентратына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Жұмыс сапарының бір бөлігі 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа және Теміртау мен Қарағанды қалаларының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға арналды.

«Алдағы жылыту маусымында проблемалар болмауы керек. 1 қыркүйекке дейін барлық нысандар бойынша дайындық паспорттарын алу қажет. Жылыту маусымы кезінде іркілістерге жол беруге болмайды», — деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3-ті жөндеу жұмыстарының барысымен және стансаны кеңейту жобасымен танысты. Жаңа энергия блогы электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын 180 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді.

«ЖЭО-3-ті кеңейту – өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша қуат резерві пайда болып, 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі», — деп хабарлады «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
Сапар барысында Қарағандыны газбен қамту мәселелері де сөз болды. Биыл жобаның бірінші кезеңін аяқтау жоспарлануда.
«Бірінші кезек бойынша 10 мыңнан астам абонентке газ жеткізіледі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін екінші кезекке көшеміз, олар – Пришахтинск, Майқұдық және Сұрыптау тұрғын үй алаптары», — деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Өңірдің индустриялық дамуы аясында Нұрлыбек Нәлібаев өңдеу өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорында болды.
«ТАМПО Қазақстан» зауытында оның назарына түзу тігісті болат құбырларды шығару бойынша жаңа өндірістік желі ұсынылды. Диаметрі 630 мм болатын құбырларды күйдіру мен шынықтырудың арнайы технологиясы өнімдерді -60-тан +60 градусқа дейінгі температурада пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ.

Silk Road Electronics кәсіпорнында вице-премьер тұрмыстық техника өндірісімен және оны локализациялау бағдарламасымен танысты. Бүгінде зауытта кір жуғыш машиналар, шаңсорғыштар, бойлерлер, ас үй плиталары, теледидарлар мен ауа баптағыштар шығарылады.
«Қазір кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Толық қуатқа шыққаннан кейін қызметкерлер саны 800 адамға дейін артып, өнім саны жылына миллион бірлікке дейін жетеді», — деді компанияның операциялық директоры Талғат Әбдірахманов.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары QazTehna және Tengri Tyres кәсіпорындарында болып, автобустар мен арнайы техникалар шығару желісімен және автомобиль шиналары өндірісімен, сондай-ақ кәсіпорын қуатын одан әрі кеңейте түсу жоспарымен танысты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз еліміздің өңірлерін жиі аралаймыз. Қарағанды облысында көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылуда, ірі өндірістер жұмыс істеп тұр, онда сан мың адам еңбек етеді. Біз кәсіпорындардың толыққанды өндіріс құрып, оны одан әрі дамытуды жоспарлап отырғанын көрдік», — деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары өнеркәсіптік және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру Қарағанды облысын дамытудың маңызды факторларының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1225610?lang=ru

Жауап қалдыру