
Ақтау гарнизонында Әскери-теңіз күштерінің 29011 әскери бөлімінде Шахмардан Есенов атындағы көпсалалы колледждің жоғары курсында оқитын 50 студентке арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.
Жастар алдында Қарулы күштер Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков сөз сөйледі. Ол студенттерге Әскери-теңіз күштерінің құрылу тарихы, қалыптасуы және даму кезеңдері, одан өзге елдің теңіз шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында әскери теңізшілер атқарып жүрген міндеттер жайында әңгімелеп берді.
Қонақтарға әскери бөлім аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Студенттер бөлімнің музейін аралап, құраманың тарихымен, әскери нышандарымен және мұрағаттық материалдарымен танысты. Бұдан өзге олар кітапханаға барып, асханада әскери қызметшілердің қалай тамақтанатынын көріп, матростардың күнделікті ас мәзірінен дәм татты.
Әскери-теңіз күштерінің ардагері отставкадағы 1-ші дәрежелі капитан Марат Төлебаевпен кездесу жастарға ерекше әсер етті. Ардагер әскери теңізші мамандығы, теңіз дәстүрлері және мұнда тапсырмаларды орындау кезінде болған қызықты оқиғалар туралы айтып берді.
Мұндай іс-шаралар әскер мен жастар арасындағы байланысты нығайтып, Отан қорғаушы мамандығына деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1227021?lang=ru

Жауап қалдыру