
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңға қол қойды.
Заңның негізгі міндеттері:
➣ мемлекеттік қызметтің мақсатын, ерекшеліктерін және оны өткеру қағидаттарын айқындау;
➣ мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы өзге де тұлғалардың мәртебесін, құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін, құқықтық, әлеуметтік және өзге де кепілдіктерін реттеу;
➣ мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың құқықтық негіздерін белгілеу;
➣ мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың ұйымдастырушылық негіздерін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ заңнаманы бұзу себептеріне мониторинг пен талдау жүргізу тәртібін айқындау.
Жаңа Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілерге азаматтарға формальды себептермен қызмет көрсетуден бас тартуға тыйым салынады.
Мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Тәлімгерлік институты жас мамандардың қызметке тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
Әдеп жөніндегі уәкілдердің өкілеттіктері кеңейтіліп, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың өтініштері мен шағымдарын қарау мүмкіндіктері күшейтіледі.
Мемлекеттік қызметшілерге арналған әлеуметтік кепілдіктер де кеңейтілді.
Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет өсіріліп отырады. Қызметкерлерге қоныс аудару кезінде тұрғын үй төлемдері беріледі, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қолжетімділік ұсынылады және балаларын балабақшаға кезектен тыс орналастыру құқығы қарастырылған. Сондай-ақ еңбек өтілі 25 жылдан асқан және мемлекеттік наградалары бар қызмет ардагерлеріне зейнетке шыққан кезде біржолғы төлем беру көзделген.
Заңда аптасына 40 сағаттық бес күндік жұмыс режимі бекітілген. І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс уақыты аптасына 36 сағат болып белгіленеді.
Сонымен қатар жаңа нормалар артық жұмыс уақыты үшін өтемақы төлеуді және еңбек өтіліне байланысты қосымша еңбек демалысы күндерін кепілдендіреді.
Аталған Заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Алға ауданы әкім аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Б. Қанғужин
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-bestamaq/press/news/details/1226991?lang=ru

Жауап қалдыру