«YASAWI ZHULDYZY – 2026»: ҮЗДІК СТУДЕНТТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Жастар орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Yasawi Zhuldzy – 2026» атты үздік студенттерді марапаттау салтанаты өтті.
Салтанатты кешке Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гуржан, Түркістан қалалық Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Бекежан Мырзаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кеш аясында студент жастардың жыл бойғы жетістіктерін айшықтайтын арнайы шоу-бағдарлама ұсынылып, студенттік парламент, «Шаңырақ» клубтары, амбассадорлар мен белсенді жастар шығармашылық қойылымдарын сахналады. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тақырыптарындағы сахналық көріністер, ән мен би композициялары көпшілік назарына ұсынылды.
Университет ректоры Жанар Темірбекова өз құттықтау сөзінде: «Бүгін университетіміздің ғана емес, екі елдің достығын дәріптеп жүрген үздік студенттерді марапаттап отырмыз. Осында отырған әрбір жас – біздің Ясауи жұлдызымыз», – деп атап өтті.
Шара барысында республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, Түркістан қаласының қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар жастарға Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлының Алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ «Үздік студент», «Үздік клуб», «Үздік көшбасшы», «Үздік жас ғалым», «Үздік стартап идеясы», «Үздік медиа жұлдызы», «Үздік спортшы», «Үздік өнерпаз» және өзге де бірқатар номинациялар бойынша үздіктер анықталды.
Осылайша, «Yasawi Zhuldzy – 2026» салтанатты кеші студент жастардың жетістіктерін ұлықтап, олардың білімге, шығармашылыққа және қоғамдық белсенділікке деген ынтасын арттырған тағылымды әрі мазмұнды шараға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1226982?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді