Облыс әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік түлектерге сәт-сапар тіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтөбе облысында оқу жылын 189 436 оқушы аяқтайды. Олардың ішінде 11 099 түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады.

Бүгін өңіріміздегі барлық жалпы білім беру ұйымдарында түлектерге арналған мектеппен қоштасу шаралары өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы №82 жалпы орта білім беретін мектептегі «Мектебім, саған мың алғыс» атты салтанатты жиынға қатысты.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бұл мектеп 2025 жылы ашылып, биыл өзінің алғашқы түлектерін шығарып салды. Оқу орнын 90 оқушы аяқтайды, олардың ішінде 4 оқушы – «Алтын белгіге» үміткер және 10 оқушы – үздік аттестатқа үміткер.

Өз сөзінде аймақ басшысы ақтөбелік барша түлекті өмірлеріндегі маңызды кезеңмен құттықтап, өңірде сапалы білім алуға және жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. «Сіздер үшін өмірдің жаңа кезеңі басталуда. Мектеп жылдары достық, алғашқы жеңістер, жарқын эмоциялар мен маңызды жаңалықтардың уақыты ретінде есте қалады. Алда әрқайсыңызды өз жолыңыз, жаңа мақсаттар мен үлкен мүмкіндіктер күтіп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елде заманауи мектептер ашылып, сапалы білім алуға жағдай жасалуда. Сіздер – «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған осы жаңа мектептің алғашқы түлектерісіздер. Мұнда алған білімдеріңіз болашақ жетістіктеріңіздің берік негізі болатынына сенемін. Ең бастысы – биік мақсат қоюдан қорықпау, үнемі дамып отыру және өз күшіңізге сену. Ұстаздарыңызға құрмет, туған жерге сүйіспеншілік және қоғамға пайдалы болуға ұмтылыс әрдайым серігіңіз болсын. Осы салтанатты сәт сіздер үшін бақытты, қызықты әрі табысты өмірдің бастауы болсын», – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп отырған ұстаздар мен ата-аналар қауымына ризашылығын білдірді.

№82 мектепте 2 419 оқушы білім алады, мұнда 184 педагог жұмыс істейді. Жобалық сыйымдылығы 2 000 орын болғанына қарамастан, заманауи инфрақұрылымы мен қолайлы оқу жағдайларының арқасында бұл мектеп қаладағы ең сұранысқа ие білім беру ұйымдарының біріне айналған.

Салтанатты жиынның мерекелік атмосферасын оқушылар дайындаған музыкалық нөмірлер толықтырды.

Шараның шарықтау шегі – түлектер орындаған дәстүрлі мектеп вальсі болды. Бұл ерекше сәт оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды бір арнаға тоғыстырған әсерлі көрініс ретінде есте қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/1227578?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді