ДЕПУТАТТАР САЙЛАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСІП, ҚАЛАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ДЕПУТАТТАР САЙЛАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСІП, ҚАЛАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
 
Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру – жергілікті билік қызметінің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Жетісай аудандық мәслихатына Жетісай қаласынан сайланған депутаттар Медет Қасымов пен Асқар Қайназаров, Қаршыға Ақтөреева мен Эльмира Темірбаева, Әділхан Асауов пен Жантөре Нұрмұхаммедов сайлаушылармен кездесіп, тұрғындардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады.
 
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш пен қала әкімі Нұрлыбек Бахтияров, салалық бөлімдердің басшылары мен мамандары, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарлары қатысып, тұрғындарды алаңдатқан мәселелер бойынша ашық пікір алмасты.
 
Қала тұрғындары шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз ойларын ортаға салып, күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе, қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар, ішкі көшелердің жағдайы, жолдарды жөндеу және жаңадан асфальт төсеу қажеттілігі, кейбір аумақтардағы қоқыс алаңдарының талапқа сай еместігі, балаларға арналған ойын алаңшаларының жетіспеушілігі мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, жауын-шашын кезінде тұрғындарға қиындық туғызатын ағын су қашыртқыларының жай-күйі, көшелерді жарықтандыру мен кәріз жүйесіне қатысты түйткілдер ашық айтылды.
 
Кездесу барысында халық қалаулылары әрбір көтерілген мәселені мұқият тыңдап, олардың шешілу жолдарына тоқталды. Өз кезегінде жауапты бөлім өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат беріп, жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларды таныстырды.
 
Бұқара мен билік өкілдері арасындағы ашық диалог форматында өткен кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу тетіктері қарастырылып, депутаттар тарапынан халықпен тұрақты байланыс орнатудың маңыздылығы, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары жергілікті мәслихат пен атқарушы биліктің басты басымдықтардың бірі екені айтылды. Көтерген мәселелер тиісті деңгейде зерделеніп, заң аясында шешілуіне ықпал ету бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
 
«Мұндай кездесулер тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы өзара сенімді нығайтып қана қоймай, елді мекендердің дамуына қатысты өзекті мәселелерді дер кезінде анықтауға және оларды бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан, халық қалаулылары алдағы уақытта да сайлаушылармен кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін назардан тыс қалдырмайды» дейді аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов.
 
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелердің ашық талқылануына ризашылықтарын білдіріп, қала дамуына қатысты ұсыныстарының ескерілетініне сенім білдірді.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1228976?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді