Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Аталған нысан аудан аумағындағы ең ірі елді мекендердің бірінде орналасқан және өңір тұрғындары үшін маңызды көлік инфрақұрылымының бірі саналады.
Жобаның жалпы ұзындығы 168,6 метрді құрайды. Оның ішінде көпірдің ұзындығы – 25,4 метр, ал жолдың ені – 9 метр. Инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны – 358 миллион теңге.
Көпір құрылысындағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Пірімбетов арнайы жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келді.
Сапар аясында ол мердігер мекеме – «TM-Bussine group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда нысанда бірқатар маңызды жұмыстар толық орындалған. Атап айтқанда, жеңіл автокөліктердің қозғалысын үзбеу мақсатында уақытша айналма жол өткелі салынды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті жол белгілері орнатылып, инженерлік-коммуналдық желілердің орындары ауыстырылды. Бұдан бөлек ескі көпір құрылымдарын демонтаждау жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде құрылыс алаңында жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, көпірдің қадалы іргетасын дайындау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, арматуралық қаңқаларды тоқу, қажетті тереңдікте ұңғымаларды бұрғылау және бетон құю процестері атқарылуда. Бұл жұмыстар көпірдің беріктігі мен ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Нысанда өндірістік кесте бойынша қажетті жұмысшы күші мен арнайы техникалар жеткілікті көлемде жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен талаптарға сәйкестігі тапсырыс беруші мекеме, техникалық қадағалау мекемесі және ұлттық сапа орталығы тарапынан тұрақты әрі қатаң бақылауда.
Жауапты мамандардың мәліметінше, көпірді күрделі жөндеу жұмыстары өндірістік жоспарға сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беру көзделіп отыр.
Айта кетейік, аталған жоба өңірдегі көлік қатынасының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың қатынау мүмкіндігін жақсартуға, сондай-ақ республикалық маңызы бар жол бойындағы көлік қозғалысының үздіксіз қамтамасыз етілуіне оң әсерін тигізеді.
Жауап қалдыру