
ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – МЕМЛЕКЕТ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Балғабаев Ерболат Темірболатұлы Жетісай ауданына жасаған іс-сапары баоысында қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру бағытында ауданының мемлекеттік қызметшілерімен маңызды кездесу өткізді.
Кездесу барысында қаржы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын қатаң сақтауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі қаржылық тәртіп пен заңдылықтың сақталуына тікелей байланысты екенін атап өткен Ерболат Темірболатұлы көлеңкелі экономикамен күрес, заңсыз қаржылық операциялардың жолын кесу, қаржы пирамидаларының қоғамға тигізетін зияны және цифрлық алаяқтық фактілерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы алаяқтық әрекеттердің де жаңа түрлерінің пайда болуына ықпал етіп отырғаны белгілі. Осыған байланысты департамент басшысы мемлекеттік қызметшілерді қаржылық сауаттылықты арттыруға, күмәнді қаржылық ұсыныстарға сақтықпен қарауға және тұрғындар арасында насихаттау жұмыстарын күшейтуге шақырды.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, экономикалық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде пікірлер айтылды. Мемлекеттік қызметшілер заң талаптарын сақтау, қаржылық бақылауды күшейту және қоғам мүддесіне қызмет ету бағытындағы жауапкершіліктің маңыздылығын талқылады.
«Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және заң үстемдігін қалыптастыруға өз үлесін қосады. Қаржылық тәртіп пен ашықтық қағидаттарын сақтау – елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды алғышарттарының бірі» деген Ерболат Темірболатұлы аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілерге жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша заң аясында түсіндірмелер берілді. Сондай-ақ, бірқатар сұрақтардың шешілу жолдары қарастырылып, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктелді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1228963?lang=kk

Жауап қалдыру