
Өңірдегі барлық жалпы білім беретін мектептерде оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы №82 орта мектепте өткен оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шараға қатысты.
Аталған білім беру ұйымы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы ашылып, биыл алғашқы түлектерін ұшырып отыр. Мектепті 90 түлек тәмамдаса, олардың 4-еуі «Алтын белгіге», тағы 12-сі үздік аттестатқа үміткер.
Түлектерді құттықтаған өңір басшысы облыста білім беру жүйесін дамытуға, заманауи оқу жағдайларын жасауға және жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Сіздер үшін өмірдің жаңа кезеңі басталуда. Мектеп жылдары достықтың, алғашқы жеңістердің, жарқын эмоциялар мен маңызды жаңалықтардың уақыты ретінде есте қалады. Алда әрқайсыңызды өз жолыңыз, жаңа мақсаттар мен үлкен мүмкіндіктер күтіп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде заманауи мектептер ашылып, сапалы білім алуға жағдай жасалуда. Сіздер — «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған осы жаңа мектептің алғашқы түлектерісіздер. Мұнда алған білімдеріңіз болашақ жетістіктеріңіздің берік негізі болады деп сенемін. Ең бастысы — биік мақсат қоюдан қорықпау, үнемі дамып отыру және өз күштеріңізге сену. Ұстаздарға құрмет, туған жерге сүйіспеншілік және қоғамға пайдалы болуға ұмтылыс әрдайым серіктеріңіз болсын. Осы салтанатты сәт сіздер үшін бақытты, қызықты әрі табысты өмірдің бастауы болсын», — деді өңір басшысы.
Облыс әкімі өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп отырған ұстаздар мен ата-аналарға алғысын білдірді.
Бүгінде №82 мектепте 2 419 оқушы білім алады, 184 педагог еңбек етеді. Жобалық сыйымдылығы 2 000 орын болғанына қарамастан, заманауи инфрақұрылымы мен қолайлы білім беру ортасының арқасында мектеп қаладағы ең сұранысқа ие білім беру ұйымдарының біріне айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1229431?lang=ru

Жауап қалдыру