
Жеңіс күні қарсаңында Арыс қаласында тыл еңбеккерлеріне арналған тағылымды кеш ұйымдастырылды. Ардагерлер үйінде өткен бұл мазмұнды іс-шара Түркістан облысының Славян этно-мәдени орталығы мен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымының ұйымдастыруымен және қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өтті.
Кешке қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Славян мәдени орталығының өкілі Марина Лимаренко, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ізбасар Назаров, қала ақсақалдары және 40-қа жуық тыл ардагерлері қатысты.
Іс-шара барысында тыл еңбеккерлерінің ел басына күн туған шақтағы жанқиярлық еңбегі ерекше құрметпен аталып, аға буынға тағзым жасалды. Қала басшылығы олардың өнегелі өмір жолы мен Отан алдындағы еңбегін жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, Шымкент қаласынан келген «Южный город» вокалдық тобы көрермендерге әсерлі өнер сыйлады. Соғыс жылдарының әндері мен патриоттық шығармалар орындалып, көпшілікке ерекше рух пен жылылық сыйлады.
Жиын барысында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, ақжарма тілектер айтылды.





Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-arys/press/news/details/1236309?lang=kk

Жауап қалдыру