Тараздық жас шеберлер экологиялық көрмеге қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай Тараздағы Техникалық шығармашылық орталығының «Шабыт» бөлімшесінің тәрбиеленушілері «Шебер қолдар – таза табиғат» атты көрмеге белсенді қатысты.

Балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін арттыруды мақсат еткен көрме барысында тәрбиеленушілер тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалану арқылы дайындалған ерекше жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Көрмеге қойылған бұйымдарды әзірлеуде пластик бөтелкелер, шыны ыдыстар, қағаз қалдықтары және мата қиындылары секілді жарамсыз деп танылған материалдар пайдаланылды. Балалардың шығармашылық ізденісінің нәтижесінде бұл заттар түрлі сәндік бұйымдарға, гүл құмыраларына, композициялар мен қолөнер туындыларына айналды.
Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі мен идеясы болды. Тәрбиеленушілер өз қиялдары мен шеберліктерін көрсете отырып, қалдық материалдардың да пайдаға жарай алатынын дәлелдеді. Сонымен қатар көрме аясында қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы кеңінен түсіндірілді.

Көрмені тамашалаған қонақтар жас шеберлердің еңбектеріне жоғары бағасын беріп, олардың тың бастамалары мен шығармашылық ойларын ерекше атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1236438?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді