Жазғы демалыс – спортпен бірге!

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар Мойынқұм ауданында жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта бекітілген жоспарға сәйкес ауылдық округтерде түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, жастар мен жасөспірімдерді спортқа тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Осы ретте маусым айының 11-12 күндері Айдарлы ауылындағы спорт кешенінде «Жастар нашақорлыққа қарсы!» ұранымен қазақ күресінен 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті. Ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған жарыс жасөспірімдердің дене дайындығын шыңдап қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік, табандылық және жеңіске деген ұмтылыс қасиеттерін қалыптастыруды көздеді.

Дәстүрлі ұлттық құндылықтарды насихаттаған айтулы додаға Шу және Тұрар Рысқұлов аудандарынан, сондай-ақ Мойынқұм ауданының Шығанақ, Бірлік, Айдарлы және Мойынқұм ауылдарынан келген жас палуандар қатысты. Боз кілемде бақ сынаған спортшылар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, әр салмақта мықтыларды анықтады.

Турнир барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, күрес техникасын және спортқа деген жауапкершілігін көрсете білді. Әрбір белдесу тартысқа толы өтіп, көрермендер ұлттық спорттың әсем әдістері мен жас палуандардың қайсар мінезіне куә болды. Жарыс жас спортшылар үшін тәжірибе алмасуға, өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға және шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Үздік әдіс», «Жеңіске деген жігері үшін» және «Белді палуан» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, оларға естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар жүлделі орындарға ие болған палуандар бағалы сыйлықтармен және арнайы марапат қағаздарымен марапатталды.

Мұндай спорттық іс-шаралардың маңызы зор. Олар жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеп қана қоймай, зиянды әдеттерден, соның ішінде нашақорлық секілді қоғамға қауіпті кеселдерден аулақ болуға үндейді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырып, жастардың бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне ықпал етеді.

Алдағы уақытта да аудан көлемінде жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жалғасын табатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1241701?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді