
Абай облысы, Ақсуат ауданының тыныш та еңселі Есім ауылы бүгінде жаңа қоғамдық белеске көтерілді. Халқы 78 адамнан, 20 үйден тұратын бұл шағын ауыл бұдан былай ресми түрде «Ішімдіксіз ауыл» деп жарияланды. Бұл — қағаздағы шешім емес, ауылдың өз жүрек қалауымен қабылданған ортақ ұстанымы.
Ішімдіксіз өмір салтын насихаттау және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Ішімдіксіз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткен жиын ауыл орталығында шынайы ашық форматта өтті. Оған әкім Бейлғожин Алибек Сериккалиевич, Ақсуат аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Бауыржанов Әділет Бауыржанұлы, аудан прокуроры, әділет кеңесшісі Камалханов Бауыржан Елтайұлы қатысты.
Кездесу барысында ауылдың тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер сөз болды: қоғамдық тәртіп, құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық береке, жастар тәрбиесі және алкогольдің қоғамға тигізер зияны.
Жиын үстінде ауылдың үлкендері:
«Бүгінгі таңдау — ерлікпен тең шешім. Ауылымызда ішімдік сатылмайды, той-жиындар ішімдіксіз өтеді. Есім ауылының аты енді тек үлгілі ауылдардың қатарынан көріне берсін», – деді.
Осы сәтте ауыл ішін ерекше тыныштық жайлап, әр сөздің салмағы сезілді.
Өз кезегінде Ақсуат аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Бауыржанов Әділет Бауыржанұлы да ауыл тұрғындарының бастамасына жоғары баға берді:
«Бүгінгі Есім ауылы – қоғамдық сана өзгерісінің нақты көрінісі. Ішімдіксіз орта – қауіпсіз қоғамның негізі. Біз мұндай бастамаларды тек қолдап қана қоймай, оның тұрақты дамуына әрдайым жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді ол.
Кездесу барысында тұрғындар ашық пікір алмасып, ауылдың болашағы туралы ойларын ортаға салды. Жастардың спортқа бет бұруы, қоғамдық тәртіптің күшеюі, ауыл ішіндегі өзара сыйластықтың артуы — негізгі бағыт ретінде белгіленді.
Ақсуат АПБ ҚҚБ УПИ полиция майоры Тыныбаев Қанат Тлеугажыевич тарапынан профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары бір ауыздан шешім қабылдап, Есім ауылын ішімдіктен азат, тәртіпті әрі үлгілі елді мекен ретінде дамытуға дайын екендіктерін тағы бір мәрте бекітті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1243270?lang=ru

Жауап қалдыру