
Бүгін өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – алкогольсіз сусындар өндіретін заманауи зауыт құрылысының іске асуына ресми түрде бастау берілді.
Жобаны түркиялық “Anadolu Group” холдингі жүзеге асыруда. Жаңа зауыт Қазақстан аумағындағы компанияның төртінші өндірістік алаңы болмақ.
Жобаның басталуына арналған салтанатты рәсім болашақ кәсіпорын аумағында өтті. Іс-шара аясында нысанның іргетасы қаланып, бұл өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірін іске асырудың символдық бастамасы болды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Арман Хасенов, CCI Kazakhstan бас директоры Вели Динчель, сондай-ақ бизнес қауымдастық пен халықаралық серіктестік ұйымдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов жобаның мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту жөніндегі саясатының нәтижесі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тарту экономикалық өсімнің негізгі факторлары екенін бірнеше рет атап өтті. Жаңа зауыт – осы міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі.
Инвесторларға Ақтөбе облысына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіреміз және бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосады деп сенеміз», – деді Абзал Әбдікәрімов.
Айта кету керек, жоба Қазақстан Үкіметінің және елдегі стратегиялық инвестициялық бастамаларды сүйемелдейтін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұған дейін жобаға қатысты тиісті келісімдер мен меморандумдар Kazakhstan Global Investment Roundtable халықаралық инвестициялық форумы мен Қазақстан–Түркия бизнес-форумы аясында қол қойылған.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 41,8 млрд теңгені құрайды. Зауытты пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған. Толық қуатқа шыққаннан кейін кәсіпорын жылына 300 млн литрге дейін алкогольсіз өнім шығара алады. Жобаның еңбек нарығы үшін маңызы ерекше: іске асыру аясында 120 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жаңа өндірісте заманауи технологиялық шешімдер мен экологиялық стандарттар енгізіледі. Бұл бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ғана емес, сонымен қатар білікті кадрларды даярлауға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Ақтөбе облысы – инвесторлар үшін елдегі ең тартымды өңірлердің бірі. Мұнда өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнес үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуға, экономиканың өсуіне және халықты жұмыспен қамтуды арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1244408?lang=ru

Жауап қалдыру