
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия алған үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған заңнамадағы өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 28 мамырда №38803 нөмірімен қабылданған «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» бірлескен бұйрыққа енгізілген өзгерістер таныстырылды.
Жаңартылған құжатқа сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды бақылау барысында лицензия талаптарының сақталуы мен біліктілік талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, лицензиясыз қызмет көрсету және заңнама талаптарын сақтамау деректері бойынша бақылау тетіктері күшейтілді.
Кездесуде бұған дейін тексеру парақтарында лицензияның болуын тексеру талаптары қарастырылмағандықтан, мемлекеттік бақылау мүмкіндіктері шектеулі болғаны айтылды. Енгізілген өзгерістер бұл олқылықтың орнын толтырып, халықты әлеуметтік қорғау органдарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін тиімді бақылауға және заң талаптары бұзылған жағдайда тиісті әкімшілік шараларды қолдануға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, заңнамадағы өзгерістерді тәжірибеде қолдану бойынша түсіндірмелер алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1250619?lang=kk

Жауап қалдыру