
Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен қызықты сәттердің кезеңі ғана емес, олардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығына ерекше көңіл бөлінетін маңызды уақыт. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келе жатқан полиция қызметкерлері жасөспірімдермен ашық диалог орнатуға басымдық беруде.
Осы мақсатта Үржар аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Ардақ Нұржанұлы Тұрапов Үржар ауданындағы «Тарбағатай» ойын-сауық лагеріне арнайы барып, демалушы оқушылармен қауіпсіздік сабағын өткізді. Іс-шараның басты ерекшелігі – полиция қызметкері заң талаптарын құрғақ баяндап қана қоймай, әрбір тақырыпты өмірлік мысалдармен түсіндіріп, балалармен еркін пікір алмасу форматында әңгіме жүргізді.
Кездесу барысында жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтау, су айдындарында, көшеде және ойын алаңдарында қауіпсіздік талаптарын орындау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Полиция майоры Ардақ Нұржанұлы әрбір азаматтың құқықпен қатар жауапкершілігі де бар екенін айтып, заңды құрметтеу – қауіпсіз қоғамның берік негізі екенін жеткізді. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Ашық форматтағы әңгіме олардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, полиция қызметкерлеріне деген сенімін нығайтуға ықпал етті.
Бүгінде полицияның басты міндеті – тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алып, қауіпсіз орта қалыптастыру. Осындай профилактикалық кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін көтеріп, заңға құрметпен қарауға тәрбиелейді. Сонымен қатар балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізуіне бағыт-бағдар беріп, құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1252671?lang=ru

Жауап қалдыру