
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – ҚОҒАМ СЕНІМІН НЫҒАЙТУДЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ
Жетісай ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік мекемелердегі ашықтық пен заңдылық қағидаттарын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, онда атқарылған жұмыстар сараланды, алдағы міндеттер нақтыланды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков төрағалық еткен комиссия отырысына комиссия мүшелері мен дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жан-жақты қаралды. Алдымен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сұңғат Амангельдиев баяндама жасап, бөлім қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында қолға алынған іс-шаралар жөнінде мәлімет берді.
Одан кейін аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Разия Исаева білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, қаржының тиімді әрі ашық игерілуін қамтамасыз ету, білім беру процесіндегі әділдік қағидаттарын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, білім саласында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын айтты.
Сондай-ақ, Жетісай қаласы мен Асықата кенті әкімдері аппараттарының өкілдері де өз аумақтарында жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту бағытында жүзеге асырылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Комиссия мүшелері баяндамалар бойынша сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің тетіктері, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, халықпен кері байланысты нығайту және профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде ұсыныстар айтылып, оларды іске асыру жолдары талқыланды.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелердің ортақ міндеті екенін атап өтті. Әрбір мемлекеттік қызметші заң талаптарын қатаң сақтап, халық сеніміне селкеу түсіретін кез-келген әрекеттің алдын алуға жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді.
Жауапты сала басшылары мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүйелі жүзеге асыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты жалғасын табатын болады» деді аудан әкімінің орынбасары.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1250495?lang=ru

Жауап қалдыру