
Радиотехникалық объектілер: халық нені білуі қажет
Радиотехникалық объектілер (РТО) – радиосигналдарды таратуға, қабылдауға және өңдеуге арналған құрылыстар мен жабдықтар. Оларға ұялы байланыс базалық станциялары, радио және теледидар хабарларын тарататын станциялар, радиолокациялық кешендер, антенналар және заманауи байланыс пен телекоммуникация жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін басқа да объектілер жатады.Радиотехникалық объектілердің жұмысы электромагниттік өрістердің (ЭМӨ) пайда болуымен қатар жүреді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында радиотехникалық объектілерді орналастыру, салу және пайдалану кезінде электромагниттік сәулеленудің рұқсат етілген деңгейлерін, сондай-ақ өндірістік және мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгілейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қолданылады.
Радиотехникалық объектілерді пайдалануға берер алдында олардың жобалау құжаттамасына санитариялық-эпидемиологиялық бағалау жүргізіледі. Пайдалану барысында электромагниттік өрістер деңгейіне аспаптық өлшеулер жүргізіліп, олардың белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкестігі расталады. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталған жағдайда тұрғын үй аумақтарындағы электромагниттік өрістердің деңгейі белгіленген нормативтерден аспауға тиіс. Радиотехникалық объектілер халық денсаулығын қорғауға бағытталған санитариялық талаптар ескеріле отырып орналастырылады.
Қоғамда ұялы байланыс базалық станцияларының адам денсаулығына ықтимал әсері туралы алаңдаушылық жиі туындайды. Сонымен қатар, радиофобия көбінесе әртүрлі аңыздар мен қауесеттердің ықпалымен қалыптасатынын атап өткен жөн.
Анықтамалы: Радиофобия – иондаушы (радиациялық) және иондаушы емес электромагниттік сәулеленудің әртүрлі көздерінен қорқумен сипатталатын, кей жағдайда емдеуге қиын жүйке-психикалық және физиологиялық бұзылыстар кешені.
Алайда қолданыстағы санитариялық нормалар мен талаптар сақталған жағдайда мұндай объектілер қауіпсіз режимде пайдаланылады. Электромагниттік сәулелену деңгейіне бақылау арнайы жабдықтардың көмегімен жүргізіледі, ал өлшеу нәтижелері белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкес болуы тиіс.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, тұрақты бақылау жүргізу және заманауи технологияларды қолдану радиотехникалық объектілердің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бұл байланыс жүйелерінің сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасап, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын сақтауға мүмкіндік береді.
К.Т. Тулепбергенева, өнеркәсіптік және радиациялық қауіпті объектілерді бақылау бөлімінің бас маманы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1257671?lang=ru

Жауап қалдыру