Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес Тексеру комиссиясы жыл сайын жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепке қорытынды дайындайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының экономикасы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң серпінді сақтады.
Жалпы өңірлік өнімнің, негізгі капиталға салынған инвестициялардың, өндіріс көлемдерінің өсуі, сондай-ақ қаланың салықтық әлеуетінің артуы байқалды. Жалпы алғанда, әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты деп сипатталады.
Сонымен қатар экономикалық өсудің орнықтылығына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тежеуші әсер ететін бірқатар факторлар сақталуда. Олардың қатарында инфляциялық қысымның сақталуы, халықтың нақты кірістерінің шектеулі өсуі, экономиканың жекелеген секторларындағы инвестициялық белсенділіктің жеткіліксіздігі, сондай-ақ қала экономикасы өсуінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға банк секторының қатысу деңгейінің төмендігі бар.
Аталған жағдайлар кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін одан әрі арттыру, инвестициялық белсенділікті ынталандыру және жеке капиталды тарту тетіктерін жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
- Түсімдердің атқарылуын бағалау
2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуында оң серпін қамтамасыз етілді.
Есепті жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының бюджетіне жоспардағы 2 251,8 млрд теңге кезінде 2 402,6 млрд теңге түсті, атқарылу 106,7%-ды, асыра орындалуы 150,8 млрд теңгені құрады. 2024 жылмен салыстырғанда бюджет кірістері 389,4 млрд теңгеге немесе 19,3%-ға ұлғайды.
Түсімдердің негізгі көлемі бюджет кірістері есебінен қалыптасты, олар жоспардағы 2 245,1 млрд теңгенің орнына 2 395,9 млрд теңгені (106,7%) құрады, оның ішінде:
- салықтық түсімдер — 2 148,5 млрд теңге, жоспар бойынша 2 012,4 млрд теңге (106,8%);
- салықтық емес түсімдер — 73,1 млрд теңге, жоспар бойынша 58,8 млрд теңге (124,4%);
- негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер — 9,6 млрд теңге, жоспар бойынша 8,5 млрд теңге (113,4%);
- трансферттер түсімдері — 164,6 млрд теңге, жоспар бойынша 165,5 млрд теңге (99,5%).
Бюджеттік кредиттерді өтеу жоспар бойынша 4,0 млрд теңге кезінде 4,1 млрд теңгені (100,6%) құрады.
Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер жоспар бойынша 2 650,0 млн теңге кезінде 2 683,3 млн теңгені (101,3%) құрады.
- Жергілікті бюджет кірістері
Салықтық түсімдер бюджет кіріс бөлігін қалыптастырудың негізгі көзі болып қала береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың көлемі 2 148,5 млрд теңгені немесе жергілікті бюджет кірістерінің жалпы көлемінің 89,6%-ын құрады. 2024 жылмен салыстырғанда салықтық түсімдер көлемі 337,6 млрд теңгеге немесе 18,6%-ға ұлғайды, бұл қала экономикасындағы жоғары салықтық белсенділіктің сақталғанын көрсетеді.
Салықтық түсімдердің негізгі көлемі келесі түсімдер есебінен қамтамасыз етілді:
- жеке табыс салығы — 806,6 млрд теңге;
- корпоративтік табыс салығы — 709,1 млрд теңге;
- әлеуметтік салық — 441,6 млрд теңге.
Салықтық емес түсімдер 73,1 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы деңгейден 36,4%-ға жоғары. Салықтық емес түсімдердің 75,8%-ы айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар мен өндіріп алулар есебінен қалыптасты.
Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 9,6 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы деңгейден төмен және 2023 жылғы көрсеткіштен 2,6 есе аз.
2025 жылға негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша бекітілген бюджет 21,8 млрд теңгені құрағанын атап өткен жөн. Бұл ретте түзетілген бюджет 8,5 млрд теңгеге дейін төмендетілді, нақты түсімдер 9,6 млрд теңгені немесе түзетілген бюджетке қатысты 113,4%-ды құрады.
Түсімдердің төмендеуі Жас Қанат және Қалқаман-2 шағын аудандарында жоспарланған көппәтерлі тұрғын үйлердің пайдалануға берілмеуіне байланысты.
Трансферттер түсімдері 164,6 млрд теңгені немесе жоспардың 99,5%-ын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 74,5%-ға өсті.
- Шығыстардың атқарылуын бағалау
Бюджет шығыстары жоспар бойынша 2 316,3 млрд теңге кезінде 2 300,1 млрд теңге сомасында немесе 99,3%-ға атқарылды.
2024 жылмен салыстырғанда шығыстар 581,8 млрд теңгеге немесе 33,5%-ға ұлғайды, бұл мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемінің кеңеюіне байланысты.
Шығыстар құрылымында ең үлкен үлесті шығындар — 94%, бюджеттік кредиттер — 2,2%, қаржы активтерін сатып алу — 2,6%, қарыздарды өтеу — 1,2% алады.
- Бюджеттің атқарылмауы (игерілмеуі)
Жыл қорытындысы бойынша бюджеттің атқарылмау көлемі 16,2 млрд теңгені құрады, оның 12,3 млрд теңгесі бюджет қаражатының игерілмеуіне тиесілі.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда атқарылмау көлемі 60,4 млрд теңгеге, ал игерілмеу көлемі 34,8 млрд теңгеге қысқарды, бұл бюджет атқарылуының оң серпінін көрсетеді.
Сонымен бірге жекелеген бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде қаражаттың едәуір сомасы игерілмей қалып отыр, бұл жекелеген бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау мен іске асыру тиімділігінің жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Қаражаттың ең көп игерілмеуіне Құрылыс басқармасы, Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті, Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы, сондай-ақ Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жол берген.
- Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру
2025 жылы 462 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруға 547,5 млрд теңге көзделіп, 537,2 млрд теңге немесе 98,1% игерілді.
Сонымен бірге жыл ішінде жобалар саны 551-ден 462-ге дейін қысқартылып, қаржыландыру көлемі 648,3 млрд теңгеден 547,5 млрд теңгеге дейін азайтылды. Қаржы жылының соңында бюджеттік тағайындауларды осылай түзету тәжірибесі бюджеттік инвестицияларды бастапқы жоспарлаудың жеткілікті негізделмегенін көрсетеді және жобалар тізбесін қалыптастыру сапасын арттыруды талап етеді.
- Квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігі
Квазимемлекеттік сектордың 358 субъектісінің қаржы-шаруашылық қызметін талдау (2026 жылғы 1 ақпандағы жедел деректер бойынша) 247 ұйымның (69%) есепті кезеңді нөлдік қаржылық нәтижемен аяқтағанын, 20 ұйымның (5,6%) жиынтық залалы 32,5 млрд теңгені құрайтын залалды ұйымдар болып табылатынын, ал 91 ұйымның жиынтық пайдасы 20,2 млрд теңгені құрағанын көрсетті.
Нөлдік қаржылық нәтиже көрсеткен ұйымдар үлесінің жоғары болуы және залалды субъектілердің болуы квазимемлекеттік сектор активтерін басқару тиімділігін арттыру, қаржы-шаруашылық қызметті бақылауды күшейту және мемлекеттік мүлікті пайдалану нәтижелілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.
Жалпы алғанда, Алматы қаласының 2025 жылғы жергілікті бюджетінің атқарылуы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын қаржыландыруды қамтамасыз етті.
Сонымен бірге талдау нәтижелері бюджеттік жоспарлау, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру және квазимемлекеттік сектор субъектілерін басқару салаларында жүйелі мәселелердің бар екенін көрсетеді. Оларды шешу бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
Тексеру комиссиясы анықталған кемшіліктерді, олардың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-revcomkz/press/news/details/1258814?lang=ru

Жауап қалдыру