
Қызылорда облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген талапкерлер мен олардың ата-аналарына арналған кәсіби бағдар беру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Омаров Оралбек Тәубақабылұлының төрағалығымен өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға ішкі істер органдарындағы қызметтің маңызын түсіндіру, ІІМ жоғары оқу орындарына қабылдау талаптары туралы жан-жақты ақпарат беру және талапкерлердің мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына бағыт-бағдар көрсету. Жиын барысында талапкерлерге Қазақстан Республикасы ІІМ-нің М.Есболатов атындағы Алматы академиясы, Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясы, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты және Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында білім алу мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар аталған оқу орындарындағы оқу үдерісі, материалдық-техникалық база, курсанттарға жасалатын әлеуметтік жағдайлар, кәсіби даярлық ерекшеліктері мен оқу аяқталғаннан кейін ішкі істер органдарында қызметпен қамтамасыз етілу мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Кездесу барысында сөз алған Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Тәубақабылұлы полиция қызметі – халыққа адал қызмет етуге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған аса жауапты әрі абыройлы мамандық екенін атап өтті. Ол талапкерлерді елге қызмет етуге үндеп, ІІМ жоғары оқу орындары кәсіби біліммен қатар патриоттық тәрбие, тәртіп, жауапкершілік және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Сондай-ақ ата-аналардың бала болашағын айқындаудағы қолдауы ерекше аталып өтіп, олардың ел қауіпсіздігі жолында қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелеудегі рөліне жоғары баға берілді. Кездесу соңында талапкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, қабылдау тәртібі, дене даярлығы нормативтері, медициналық талаптар және оқу барысында берілетін мемлекеттік кепілдіктер жөнінде толыққанды ақпарат алды. Осындай тағылымды кездесулер жастардың құқық қорғау органдарындағы қызметке деген қызығушылығын арттырып, болашақ офицерлердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1258041?lang=ru

Жауап қалдыру