Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыс орталығындағы қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жобалардың іске асырылу қарқынын бағалап, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Алғашқы нысан – ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан музыкалық колледж болды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 50%-ы орындалған. Пластикалық терезелерді орнату, ламинат төсеу, жарықтандыру жүйелері мен электр желілерін монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазір ғимараттың ішкі әрлеу және қасбетін қаптау жұмыстары жалғасуда.

Бүгінде бұл оқу орнында бес мамандық бойынша болашақ музыканттар даярланып, 300-ден астам студент білім алуда. Асайын Байханов музыкалық колледждің еліміздегі жетекші шығармашылық оқу орындарының бірі екенін атап өтті. Бұл білім ордасы көптеген танымал музыканттарды, дирижерлер мен педагогтарды тәрбиелеп шығарған. Дарынды жастар заман талабына сай жабдықталған, қолайлы әрі сапалы білім беру жағдайында білім алуы тиіс.

Келесі нысан – 1965 жылы бой көтерген Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернатының жатақханасы болды. Мұнда бокс, күрес, дзюдо, футбол, баскетбол, волейбол, шаңғы жарысы және спорттық гимнастика секілді 12 олимпиадалық спорт түрі бойынша спортшылар даярланады. Жатақханада облыстың түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар тұрып, жаттығады. Олардың көпшілігі ұлттық құрамалардың сапында өнер көрсетіп, республикалық және халықаралық жарыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүр.

Облыс әкімі жатақхананың техникалық жағдайымен танысты. Аталған ғимаратқа 1996 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сапар қорытындысы бойынша қазіргі қажеттіліктер мен заманауи талаптарды ескере отырып, олимпиадалық резерв мектеп-интернаты үшін жаңа ғимарат салу жобасын әзірлеуді, сондай-ақ оған тиісті жер учаскесін бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Өңір басшысы тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз әрі жайлы тұрмыс жағдайын жасау басты басымдық екенін атап өтті. Бұл олардың жаттығу процесіне толық көңіл бөліп, жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Одан кейін Асайын Байханов ақпараттық технологиялар колледжінің жатақханасына барды. Мұнда жалпы аумағы 4 мың шаршы метрден асатын ғимаратты қайта жаңғырту және қайта жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жұмыстардың 56%-ы аяқталған. Құрылыс алаңында 45 маман еңбек етуде. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді монтаждау, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін орнату, әрлеу және еден жұмыстары жалғасып жатыр.

Өңір басшысы бұл колледждің IT саласы үшін кадр даярлайтын негізгі оқу орындарының бірі екенін атап өтті. Мұнда бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, киберқауіпсіздік мамандары және ұшқышсыз авиациялық жүйелердің операторлары даярланады. Сондықтан студенттердің білім алуы мен тұру жағдайы заманауи талаптарға толық сай болуы тиіс. Асайын Байханов барлық жұмысты биылғы жылдың 10 қыркүйегіне дейін аяқтап, студенттердің жайлы тұруына қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жұмыс сапары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Павлодар облысының мемлекеттік архивіне барумен аяқталды. Жөндеу барысында инженерлік желілер толық жаңартылып, шатыр, терезелер мен есіктер ауыстырылды. Сонымен қатар қасбеті қапталды, іргелес аумағы абаттандырылып, автотұрақ пен кедергісіз орта жасалды. Архив заманауи желдету жүйелерімен, газ арқылы өрт сөндіру, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған. Бұл архивтік құжаттардың сенімді сақталуын қамтамасыз етеді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов әрбір нысанның өңірдегі білім беру, спорт және мәдениет салаларын дамыту үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Барлық жобалар сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Бұл – облыс тұрғындары күнделікті пайдаланатын әлеуметтік нысандар. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасына қойылатын талап ең жоғары деңгейде болуы қажет, – деді өңір басшысы.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі мердігер ұйымдар мен салалық басқармаларға құрылыс сапасына бақылауды күшейтуді, бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтауды және барлық жобаның уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1259033?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді