Облыс әкімі ақтөбелік металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбеде Металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. «Адам күші. Ел күші» тақырыбымен ұйымдастырылған кешке Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «Қазхром» ТҰК» АҚ басшылығы, еңбек ардагерлері, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік жиында облыс әкімі Асхат Шахаров металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Металлургия саласының өңір мен ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтті.

«Металлургия – ел экономикасының тірегі, өндірістің күретамыры. Бұл сала өңіріміздегі индустрияның басты қозғаушы күші әрі мемлекеттің өндірістік қуатын арттыруда маңызды орын алады. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында облыстың өндірістік әлеуеті артып, экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалануда. Бұл – кәсіби біліктіліктеріңіз бен жоғары жауапкершіліктеріңіздің айқын дәлелі», – деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 13 мыңға жуық металлург еңбек етеді. Оның ішінде 12 мыңнан астам адам жұмыс істейтін «Қазхром» трансұлттық компаниясы өңір экономикасының жетекші кәсіпорындарының бірі саналады.

Өңірдегі металлургия саласы биыл да тұрақты өсім көрсетуде. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында металлургия өнімінің көлемі 310,4 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызға өсті. Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауыты 256,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім көрсеткіші 120,6 пайызға жетті.

Асхат Шахаров кәсіпорында өндірісті жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі жалғасып жатқанын сөз етті. 2025 жылы құны 77 млрд теңге болатын, қуаттылығы 150 МВт «Хромтау-1» жел электр станциясы пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Ақтөбе ферроқорытпа зауытында утилизациялық электр станциясының құрылысы мен №1 балқыту цехын жаңғырту жобаларын іске асыру жоспарланған. Жалпы құны 72 млрд теңгеден асатын бұл жобалар 240 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы биылғы Металлургтер күні Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданған тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанын айтып, Ата Заңда еңбек адамының құқығы мен әлеуметтік қорғалуы басты құндылықтардың бірі ретінде айқындалғанын жеткізді.

Сондай-ақ, металлургия саласында ондаған жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар мен еңбек әулеттерінің өнегелі жолына ерекше тоқталды.

«Бүгін біз көп жылдар бойы зауыттың дамуына үлес қосқан еңбек озаттарына құрмет көрсетіп отырмыз. Еңбек жолын осы кәсіпорында бастап, 30-40 жыл бойы адал қызмет еткен мамандар, сондай-ақ бірнеше буыннан тұратын еңбек әулеттері – жастар үшін нағыз үлгі. Металлургияны дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әрбір қызметкерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді Асхат Шахаров.

Мерекелік шара барысында өндіріс саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, сондай-ақ Ақтөбе облысы әкімінің марапаттарымен марапатталды.

II дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі №2 балқыту цехының шебер-технологы Руслан Жұмағалиевке және №4 балқыту цехының басқару пультінің операторы Вячеслав Чунинге табысталды.

III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі №1 балқыту цехының ферроқорытпа балқытушысы Самат Ниязовқа және ферроқорытпаны фракциялау және тиеп-жөнелту цехының бастығы Мәлік Масақовқа берілді.

Сонымен қатар, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары өндірісте жоғары нәтижелер көрсеткен қызметкерлерге тапсырылды.

Мерекелік концертте Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қызметкерлерінің шығармашылық өнерлері көрсетіліп, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1260102?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді