
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Байторысай ауылдық округіне қарасты Полтавка ауылына табиғи газ берілді. Елді мекенде 99 аула, 316 тұрғын бар.
Газ беру рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Аслан Айтбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
«Бүгін біз Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының нәтижесін көріп отырмыз. Полтавка ауылына табиғи газдың берілуі – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісі. Өңірде газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады», – деді облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.
Бүгінде Ақтөбе облысында халықты табиғи газбен қамту деңгейі 97,5 пайызға жетті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңнан астам тұрғыны бар 31 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Биыл 3,7 мың адам тұратын 8 ауылға көгілдір отын беру жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі таңда 2 126 тұрғыны бар 5 ауыл табиғи газға қол жеткізді.
Полтавка ауылын газдандыру жобасының жалпы құны 581,4 млн теңге. Жобаны «GazMart» ЖШС жүзеге асырды. Құрылыс барысында ұзындығы 6,4 шақырым құрайтын жеткізуші газ құбыры тартылып, қажетті инфрақұрылым толық салынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1260103?lang=ru

Жауап қалдыру