Қазақстанда үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалтудың бірегей жобасы кеңейтіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларға үйден шықпай-ақ кешенді оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік беретін «QH Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп іске асырылуда. Қазіргі таңда бастама Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облысында сәтті жүзеге асырылуда.

Жобаның аралық қорытындылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында таныстырылды.

Жоба іске қосылғалы 628 бала үй жағдайында кешенді оңалтудан өтті. Оларға 405 инновациялық оңалтудың техникалық құралы берілді. Бағдарламаның тиімділігі нақты нәтижелермен дәлелденіп отыр: қатысушылардың шамамен 75%-ын құрайтын 470 баланың дамуында оң өзгерістер байқалған. Тұрақты жүргізілген оңалту сабақтарының нәтижесінде 130 бала басын өздігінен нық ұстай алатын деңгейге жетсе, 76 бала өздігінен отыруды үйренген, 78 бала тірек құралдарының көмегімен тұруды меңгерген. Ал 34 бала алғашқы қадамдарын жасаған.

Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында өмірі оң бағытта өзгерген шынайы отбасылардың тағдыры тұр.

Бағдарлама қатысушыларының бірі, Абай облысының тұрғыны Назым Рашитқызы ұлының бұл жобаға бір жарым жылдан бері қатысып келе жатқанын айтты.

«Ұлымның аяққа нық тұруы едәуір жақсарды. Қазір ойыншықтарын өзі алып, өздігінен тамақтануға талпынып жүр. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен жетістік. Осындай жобаға шын жүректен алғысымызды білдіреміз және оның жалғасып, тағы да көп балаларға қолжетімді болуына үміттенеміз», – деді ол.

Үй жағдайында жүргізілетін оңалтудың басты артықшылықтарының бірі – отбасыларды цифрлық бақылау күнделігі арқылы тұрақты сүйемелдеу. Реабилитологтар баланың жағдайын қашықтан бақылап, үйде жүргізілетін жаттығулардың нәтижесін талдайды және қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасын түзетеді. Бұл тәсіл шалғай елді мекендерде тұратын балаларға да сапалы оңалту қызметін көрсетуге мүмкіндік берді.

Алдағы уақытта цифрлық платформаның функционалы кеңейтіліп, оған ата-аналарға арналған оқыту материалдары, логопедиялық жаттығулар және сүйемелдеудің жаңа сервистері енгізіледі. Сонымен қатар тәжірибе алмасу және өзара қолдау көрсету мақсатында ата-аналардың тұрақты офлайн кездесулерін өткізу жоспарланып отыр.

Жобаның жоғары сұранысқа ие болуы мен тиімділігін ескеріп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың соңына дейін оны іске асыру аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде үй жағдайындағы оңалту қызметі тағы төрт өңірде – Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында қолжетімді болады.

Жобаны кезең-кезеңімен кеңейту үй жағдайында оңалтудың бірыңғай ұлттық моделін қалыптастыруға және заманауи оңалту тәсілдерін тұрғылықты жеріне қарамастан мүгедектігі бар барлық балалар үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Үйлестіру кеңесінің отырысын қорытындылаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл бағытты одан әрі дамыту барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.

«Бүгінгі ортақ міндетіміз – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған әрбір отбасы үшін, қай өңірде тұрса да, сапалы оңалтудың қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекет, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар күш біріктіруі қажет. Тек осындай бірлескен жұмыстың арқасында біз бұл табысты тәжірибені кеңейтіп, балалардың жан-жақты дамуына тең мүмкіндік жасай аламыз», – деп түйіндеді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1260071?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді