
Бүгін Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Шардара қаласындағы №14 пикетте болып, «Тама» ауыз су жүйесін ел игілігіне беру алдындағы дайындық жұмыстарын пысықтады.
«Тама» ауыз су жобасы – аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған өңірдегі ең маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі. Жоба толық іске қосылғаннан кейін Шардара қаласының тұрғындары сапалы әрі тұрақты ауыз сумен толық қамтылатын болады. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, коммуналдық қызметтің сенімділігін күшейтетін маңызды қадам.
Жоба аясында ауыз суды қалаға жеткізіп қана қоймай, оны тұрғындарға үздіксіз тарату жүйесі де жаңғыртылуда. Осы мақсатта Шардара қаласындағы су тарату хауызында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанда су резервуарлары жаңартылып, тозығы жеткен ысырмалар (задвижкалар) ауыстырылуда. Сонымен қатар операторлық ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, суды залалсыздандыруға арналған заманауи гипохлорит қондырғысы орнатылуда.
Аудан әкімі жауапты мердігерлер мен сала басшыларына құрылыс және монтаждау жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, нысанды ел игілігіне уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
«Тама» ауыз су жобасының жүзеге асуы – Шардара қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың көптен күткен маңызды мәселесінің оң шешім табуына жол ашады.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1262127?lang=ru

Жауап қалдыру