Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп, ол жаңа халықтық Конституцияның алғашқы практикалық жүзеге асырылған маңызды бастамаларының біріне айналды.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп, ол жаңа халықтық Конституцияның алғашқы практикалық жүзеге асырылған маңызды бастамаларының біріне айналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтарға деген қамқорлығының көрінісі болған бұл бастама жүздеген мың адамға мемлекеттің нақты қолдауын сезінуге мүмкіндік берді. Бір айға жетпейтін уақыт ішінде 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 млн әкімшілік іс бойынша әкімшілік жазаларды орындау тоқтатылды. Жалпы сомасы 22,8 млрд теңгені құрайтын айыппұлдар кешірілді. Рақымшылық ӘҚБтК–нің 380-нен астам бабын қамтыды. Оның ішінде салық, кеден, санитариялық, экологиялық құқық бұзушылықтар, кәсіпкерлік, сауда саласындағы және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бар. Олардың қатарында полиция, мемлекеттік кірістер, экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және өзге де мемлекеттік органдар анықтаған, әкімшілік қамаққа алуды көздемейтін әрі рақымшылыққа жатпайтын құқық бұзушылықтар санатына кірмейтін көптеген құқық бұзушылықтар қамтылды. Прокуратура органдарының толық цифрлық дайындығының және барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында рақымшылық бір айға жетпейтін мерзімде іске асырылды. Азаматтардан ешқандай өтініш талап етілген жоқ, олар мемлекеттік органдарды араламады, құжат жинамады және өзге де бюрократиялық рәсімдерден өтпеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің тоқтатылғаны жөнінде азаматтар СМС-хабарлама арқылы хабардар етілді. Көптеген отбасы үшін бұл тек қаржылық жүктемеден босату ғана емес, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізулердің тоқтатылуын, қойылған шектеулердің алынуын, бұрын арнайы тұраққа қойылған көлік құралдарының қайтарылуын және өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндігін білдірді. Азаматтар мұндай мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдіріп, оның тиімділігіне жоғары баға беруде. Соның бір айқын мысалы – Жетісу облысының тұрғыны. Оның автокөлігі жыл басынан бері айыппұлдардың төленбеуіне байланысты арнайы тұрақта тұрған. Әкімшілік рақымшылық туралы заңның қолданылуы нәтижесінде оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер тоқтатылып, полиция автокөлігін иесіне қайтарды. Президент бастамасын іске асыру барлық мемлекеттік органдардан (прокуратура, ішкі істер, мемлекеттік кірістер, экология органдары, жергілікті атқарушы органдар және басқалар) ерекше жауапкершілікті талап етті. Басты қағида өзгеріссіз қалды: рақымшылық жасауға құқығы бар әрбір азамат оны міндетті түрде алуға тиіс, ал заң талаптарына сәйкес келмейтін ешкім бұл мүмкіндікті пайдаланбауы қажет. Атқарылған жұмыс заманауи цифрлық технологиялардың мемлекеттік басқаруды анағұрлым тиімді етіп қана қоймай, азаматтарды артық бюрократиялық рәсімдерден босатуға қабілетті екенін көрсетті. Әділдік, қоғамның мемлекетке деген сенімі және «Заң мен Тәртіп» қағидаты дәл осылай нығаяды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-gm/press/news/details/1262857?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді