
Жамбыл облысында полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында заманауи технологиялар мен профилактикалық шараларды ұштастыра отырып, автожолдардағы бақылауды күшейтті.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша өңірде жол-көлік оқиғаларының саны 12,6%, қаза тапқандар саны 7,1%, ал зардап шеккендер саны 11,8% төмендеді.
Ерекше назар жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерге аударылуда. Жол-көлік оқиғаларының талдауы мен көлік ағынының қарқыны негізінде полиция қызметкерлері әкімшілік полиция бөліністерінің қосымша күштерін тарта отырып, тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи технологиялар да маңызды құралға айналды. Қалааралық автожолдарда Жол қозғалысы қағидаларын бұзушылықтарды анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары белсенді түрде қолданылуда.
Олардың көмегімен қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік құралын басқару кезінде телефон пайдалану және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өзге де құқық бұзушылықтар анықталуда.
Полиция қызметкерлері жүргізушілермен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, әсіресе транзиттік көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын автобустарға ерекше көңіл бөлуде. Жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін, еңбек және демалыс тәртібін сақтау қажеттігі түсіндіріліп, жол бойындағы дәмханалар мен кемпингтерде ақпараттық жадынамалар таратылуда.
Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында Жамбыл облысының қалааралық автожолдарының тоғыз учаскесінде жолдың жүру бөлігін жасанды түрде тарылту әдісі қолданылуда. Бұл шара көлік ағынының жылдамдығын төмендетуге, жүргізушілердің шаршауының алдын алуға және рөлде қалғып кету қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар түнгі уақытта полицейлер жол қозғалысына қатысушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Жүргізушілерге арнайы жабдықталған демалыс орындарында аялдап, тынығып алуға, салқын сумен жуынып, жолды жалғастырмас бұрын зейінін қайта қалпына келтіруге кеңес беріледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1262574?lang=ru

Жауап қалдыру