
Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысы мен «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында бизнес-диалог өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, екі елдің мемлекеттік органдарының, өңірлерінің және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Алдымен бизнес-форум өтіп, ол Түркістан облысы үшін нақты нәтижелерімен есте қалды. Форум қорытындысында Түркістан облысы әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылып, жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жол ашылды.
Өңірлер басшыларының кеңесінің бірінші отырысында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық бүгінде мемлекет басшылары айқындаған стратегиялық бағыттың нақты нәтижесіне айналғанын атап өтті.
– Бүгінде Өзбекстан – Қазақстанның ірі әрі сенімді сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Мемлекеттер басшылары алдымызға қойған міндеттердің бірі – 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізу. Осы мақсатқа жету бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соңғы екі жылда екіжақты сауда тұрақты өсім көрсетіп, 2025 жылдың қорытындысында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 116 пайыздық өсім. Оның ішінде экспорт көлемі 3,5 млрд АҚШ долларын құрады, – деді облыс әкімі.
Нұралхан Көшеров бұл көрсеткіштердің қалыптасуына Түркістан облысының да елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
– Түркістан облысы екіжақты сауданың дамуына белсенді қатысуда. 2025 жылдың қорытындысында облыс пен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 511 млн АҚШ долларынан асты. Бұл – 109 пайыздық өсім. Біздің мақсат – сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, бірлескен өндірістердің санын көбейтіп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды дамыту. Қазіргі таңда «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жалпы құны 234 млн АҚШ долларын құрайтын алты инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар жаңа өндірістерді іске қосып, жүздеген жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен жалпы құны 73 млн АҚШ долларын құрайтын тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ет кластерін құру, балық шаруашылығын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және металл өңдеу саласындағы жаңа жобалар іске асырылуда, – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық дамуы шикізаттық модельден индустриялық модельге көшумен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– Түркістан облысы бүгінде шикізатты сыртқа шығаруға негізделген модельден оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіретін жаңа индустриялық экономикаға кезең-кезеңімен көшуде. Үкіметтің қолдауымен мақта-тоқыма, ет және жүгері кластерлері қалыптасып келеді. Бұл жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістердің дамуына негіз болады. Инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда дайын инженерлік инфрақұрылым қалыптастырылған. Мемлекеттік қолдау мен қажетті жеңілдіктер ұсынылады. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жылы өңір экономикасына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, оның жартысы шетелдік инвестициялардың үлесіне тиесілі болды, – деді ол.
Форум аясында қол қойылған меморандумдар осы инвестициялық саясаттың жалғасы болды. Атап айтқанда, құны 47 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында металл өңдеу зауыты салынады. Кәсіпорында профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар өндіріледі. Сонымен қатар 2 млн АҚШ долларына күнбағыс майын өндіретін зауыт салу жөнінде келісім жасалды. 5 млн АҚШ долларын құрайтын жоба бойынша жүгеріні терең өңдеу өнімдері экспортқа шығарылады. Бұдан бөлек, 12 млн АҚШ долларына ет өңдеу кешенінің өнімдерін халықаралық нарыққа шығару және тағы 12 млн АҚШ долларына тұқы (карп) өсіруге арналған заманауи балық шаруашылығы кешенін құру жөніндегі келісімдерге қол қойылды.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі су ресурстарын ұтымды пайдаланумен тікелей байланысты екенін де атап өтті.
– Заманауи өндірістерді дамыту су ресурстарын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бүгінде облыс бойынша бұл технологиялар 164 мың гектар алқапқа енгізілді. Оның ішінде 37 мың гектары биыл іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 13 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Ақтауда өткен бизнес-диалог Түркістан облысы үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік кооперацияны одан әрі тереңдетуге серпін берді. Екі елдің Премьер-министрі қатысқан маңызды жиын нәтижесінде қол қойылған жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа меморандумдар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды қадам болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1263581?lang=ru

Жауап қалдыру