Шетелде жүрген азаматқа алғаш рет мүгедектікті қашықтан рәсімдеуге бола ма?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізу тәртібіне сәйкес, Қазақстан Республикасында алғаш рет мүгедектікті белгілеу азаматтың еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде жеке тексеруден өтуіне негізделеді.

МӘС өткізу үшін Қазақстан Республикасындағы азамат тіркелген медициналық ұйымның Дәрігерлік-консультациялық комиссиясының (ДКК) жолдамасы қажет. Бұл жолдаманы рәсімдеу үшін азамат міндетті түрде клиникалық және функционалдық тексерулерден өтіп, зертханалық талдаулар тапсырып, бейінді дәрігерлердің қарауынан өтуі тиіс.

Осыған байланысты шетелде жүрген азаматқа ұялы телефон немесе бейнебайланыс арқылы қашықтан тексеру жүргізіп, алғашқы мүгедектікті белгілеуге жолдама рәсімдеу қолданыстағы заңнамада көзделмеген.

Сондай-ақ, азамат Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған жағдайда оны алғашқы медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау мүмкін емес.

Ал сырттай немесе сырттай-проактивті куәландыру тек Қазақстанның медициналық ұйымдары дәрігерлері ақпараттық жүйеге енгізген электрондық медициналық деректер негізінде жүргізіледі. Бұл рәсім негізінен тасымалдауға келмейтін науқастарға немесе қызмет көрсетілетін өңірден тыс жерде стационарлық ем алып жатқан азаматтарға қолданылады.

Егер азамат ем алу мақсатында шетелге уақытша шығып, денсаулық жағдайы нашарлаған болса, мүгедектікті шетелден қашықтан рәсімдеу мүмкін емес. Мұндай жағдайда азамат Қазақстанға оралып, шетелдік медициналық ұйым берген қорытындыларды нотариат куәландырған және қазақ немесе орыс тіліне аударылған күйде тіркелген емхананың ДКК-сына ұсынуы қажет. Осы құжаттардың негізінде ДКК қосымша тексеру жүргізіп, азаматты медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау мәселесін қолданыстағы тәртіпке сәйкес қарайды.

Азаматтар көрсетілген мәселелер бойынша қосымша ақпарат алу үшін Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне немесе тіркелген медициналық ұйымына жүгіне алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhambyl/press/news/details/1264838?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді