
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті азаматтардың заңды құқықтарын қорғау және жұмыс берушілер тарапынан орын алатын заңбұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы белсенді жұмысын жалғастыруда.
Зардап шеккен жұмыскерлердің өтініштері негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерулер барысында мемлекеттік еңбек инспекторлары өңірдегі екі кәсіпорында — «Кублей» ЖШС мен «URAL ELECTRIC» ЖШС-де еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды жасыру фактілерін ресми түрде анықтап, дәлелдеді.
«Кублей» ЖШС бойынша: 2026 жылдың қаңтарында өндіріс орындарын тазалаушы шебердің құрал-жабдықты жуу туралы тапсырмасын орындау кезінде ет цехында аяғы тайып құлаған. Жұмыскер тізе буыны мен кеуде тұсынан дене жарақатын алған. Кәсіпорын басшылығы мен лауазымды тұлғаларының өндірістік жарақат фактісін жасыру әрекеттері (соның ішінде жұмыскерге «жұмыста құладым деп айтпа» деген өтініштері) жиналған айғақтармен, куәгерлердің түсініктемелерімен және аудиожазбалармен теріске шығарылды.
«URAL ELECTRIC» ЖШС бойынша: зардап шегушінің өтініші бойынша жүргізілген тексеру барысында, 2019 жылы өндірістік цехта жұмыскердің үстіне трансформатор құлағаны анықталды. Нәтижесінде кәсіптік міндетін атқарушы сирағының ашық сынуы сияқты ауыр дене жарақатын алған. Жұмыс орнында жарақат алу фактісі куәгерлердің жазбаша түсініктемелерімен расталды.
ҚР Еңбек кодексінің (ҚР ЕК) 187-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші орын алған жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде еңбек инспекциясына хабарлауға міндетті. Бұл талап орындалмаған.
Осылайша, аталған кәсіпорындар өндірістік жарақаттану фактілерін мемлекеттік органнан жасырған.
Тексеру нәтижелері бойынша «Кублей» ЖШС айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қосымша еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеу мәселелері бақылауға алынды. Ал «URAL ELECTRIC» ЖШС заңнамада белгіленген мерзімдердің өтіп кетуіне байланысты (оқиға 2019 жылы орын алған) әкімшілік жауапкершілікке тартылмады.
⚠️ Жұмыс берушілердің назарына!
Өндірістегі жазатайым оқиғаны жасыру — бұл жұмыскердің әлеуметтік қорғалу, сақтандыру төлемдерін алу және қауіпсіз еңбек жағдайларына болған құқықтарын тікелей бұзу болып табылады!
Департамент ескертеді: жұмыс берушінің міндеті — өндірістегі кез келген жазатайым оқиға туралы дерау (24 сағат ішінде) уәкілетті органға хабарлау. Мұндай фактілерді жасыру әкімшілік жауапкершілікке және уәкілетті орган тарапынан тиісті шаралар қолдануға әкеп соғады!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-enbek/press/news/details/1265495?lang=ru

Жауап қалдыру