
Қарағанды облысының прокуратурасы облыс әкімдігімен және Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бағытында мемлекет, қоғам және бизнес күш-жігерін біріктіруге арналған «Жарқын болашаққа бастар жол» Форумын өткізді.
Форумға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қызметінің бастығы Мұрат Ахметов, Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Сергей Варго, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс прокуроры адамның заңға бағынышты өмірге табысты оралуы мемлекет, қоғам және жұмыс берушілердің бірлескен күш-жігері арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және оларға жан-жақты қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Азаматтардың әлеуметтік мәселелерін жедел ведомствоаралық деңгейде сүйемелдеуге және шешуге мүмкіндік беретін FCM Social цифрлық платформасының мүмкіндіктері де таныстырылды.
Форум қорытындысы бойынша қайта әлеуметтендіру жөніндегі бірлескен іс-шаралар Жоспары бекітіліп, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы өкілдері арасында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мен кәсіптік оқытуды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Қарағанды облысының прокуратурасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-karagandy/press/news/details/1265496?lang=ru

Жауап қалдыру