Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан цифрлық болашаққа нық сеніммен қадам басты»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстанның цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы стратегиялық бағытына тоқталды.

Президенттің айтуынша, еліміз цифрлық технологияларды дамытуға басымдық беріп, жаңа дәуірдің талаптарына сай мамандар даярлауды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

«Біз осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат.

Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанда AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді.

Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді.

Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл – Қазақстанда іске асып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана».

Сөз соңында Мемлекет басшысы «Болашақ ойындарының» мән-маңызына тоқталып, бұл халықаралық жобаның бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін атап өтті.

«Бүгін елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де – осында.

Осынау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды. Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1265643?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді