
Елордада тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экологиялық акциялар, бейнебақылау жүйелері, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформалар және коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың заманауи тетіктері кешенді түрде қолданылуда. Бұл шаралар қоғамдық тәртіпті нығайтуға, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауға және қала тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Жалпыбаев пен Astana Smart City Жағдаяттық орталығының басқарушы директоры Айбек Ахметбеков мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Медет Жалпыбаевтың айтуынша, жыл басынан бері Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында 250-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. 11 сәуір мен 16 мамыр аралығында өткен экологиялық айлыққа 300 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Сонымен қатар, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілерін анықтау және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.
«Ғарыш Сапары» АҚ ғарыштық суреттеріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде Астанада қалдықтар заңсыз орналастырылған 122 орын тіркелді. Оның ішінде 68 учаске жойылды, ал 54 учаскеде жұмыстар жалғасуда.
Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандарында анықталған барлық учаске толықтай жойылды. Нұра ауданында жұмыс жалғасып жатыр.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Полиция департаментімен, «iKomek» 109 қызметімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, абаттандыру қағидаларын бұзу және қоқысты заңсыз төгу фактілерін анықтау бойынша күн сайын мониторинг жүргізеді», – деді спикер.
Айбек Ахметбековтің айтуынша, қаланың бірыңғай цифрлық жүйесіне 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Жүйеге жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитиканың 35-тен астам сценарийі кезең-кезеңімен енгізілуде.
Камералар қоғамдық орындарды ластау, қоқысты заңсыз төгу, вандализм әрекеттері, аялдама павильондары мен абаттандыру элементтерін бүлдіру, заңсыз сауда жасау және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Айбек Ахметбековтің айтуынша, жасанды интеллект ықтимал құқық бұзушылықтарды ғана анықтап, оператордың назарын аударады. Соңғы шешімді уәкілетті қызметкерлер қабылдайды.
Коммуналдық қызметтердің камералары, датчиктері және GPS жүйелері Жағдаяттық орталыққа біріктірілген. Әрбір оқиға бойынша жұмыс мынадай алгоритммен жүзеге асырылады: оқиға автоматты түрде немесе қолмен тіркеледі, оператор ақпаратты тексереді және оны жауапты қызметке жолдайды, содан кейін тапсырманың орындалуы жүйе арқылы бақыланады.
Қазіргі уақытта орталыққа 18 жедел, коммуналдық және өзге де қызмет қосылған.
«2026 жылдың жеті айында абаттандыру және санитариялық тазалық қағидаларын бұзғаны үшін 30,2 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде қоғамдық орындарды ластағаны үшін – 585, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін – 29 641, көлік құралдарын пайдалана отырып қоқыс төккені үшін 33 құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Елордада коммуналдық қалдықтарды басқарудың орталықтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Ол қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму сияқты толық циклді қамтиды. 2026 жылдың жеті айында 200 мың тоннадан астам коммуналдық қалдық шығарылды.
Қалада Waste Management ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол нақты уақыт режимінде контейнерлер мен контейнер алаңдарының саны және техникалық жай-күйі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жүйеде 19 мыңнан астам контейнер мен 4,8 мың контейнер алаңы цифрландырылған. GPS датчиктерімен жабдықталған 116 арнайы техника жұмылдырылған», – деп қорытындылады Медет Жалпыбаев.
#законипорядок #заңментәртіп

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1267097?lang=ru

Жауап қалдыру