Қазақстанда туристік ақпарат орталықтарының қызметін ұйымдастырудың бірыңғай қағидалары бекітілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құжат облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың әкімдігі құратын туристік ақпарат орталықтарының жұмыс тәртібін біріздендіреді. Қағида туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және туристік ақпараттандырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында әзірленді.

Қағидаларға сәйкес туристік ақпарат орталықтары мынадай функцияларды орындайды:
🔹 туристік маршруттар, көрікті жерлер, туризм нысандары, оларды аралау тәртібі, қауіпсіздік шаралары, қолданыстағы шектеулер және төтенше жағдайлар қызметтерінің байланыс деректері туралы өзекті ақпарат беру арқылы туристерді ақпараттандыру;
🔹 туризм саласындағы кәсіпкерлерге ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету;
🔹 өңірлердің туристік әлеуеті, туристік ресурстары, маршруттары, туризм нысандары мен туристік қызметтері туралы ақпаратты жинақтау, жүйелеу және тұрақты түрде жаңартып отыру;
🔹 ақпараттық, анықтамалық, әдістемелік, жарнамалық және таныстырылым материалдарын әзірлеу;
🔹 өңірлердің туристік әлеуетін ішкі және халықаралық туристік нарықта ілгерілетуге қатысу;
🔹 «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесіп туристік әлеуетті ілгерілету және визит-орталықтармен өзара іс-қимыл жасау.

Қағидалар туристік ақпарат орталықтарының қызметіне қойылатын міндетті талаптарды да айқындайды. Атап айтқанда, орталықтарда келушілерге қызмет көрсетуге арналған үй-жай немесе арнайы жабдықталған орын, байланыс құралдары мен интернетке қолжетімділік, өзекті ақпараттық материалдар, қызметкерлер, сондай-ақ туристік ақпаратты тұрақты жаңартып отыруға арналған ішкі рәсімдер болуы тиіс.

Келушілерге ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады. Ұйымдастырушылық мүмкіндік болған жағдайда ақпарат шет тілдерінде де беріледі. Туристік ақпарат орталықтарының жұмыс режимін туристер ағынының маусымдылығы мен туристердің қажеттіліктерін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар бекітеді.

Қағидалардың қабылдануы туристік ақпарат орталықтарының қызметін бірыңғай стандарт бойынша ұйымдастыруға, туристер үшін ақпараттың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен туризм саласындағы ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1266715?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді