Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Марокко Корольдігінің Әділет министрімен кездесуі туралы (2026 жылғы 4 тамыз, Астана қ.)

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Марокко Корольдігінің Әділет министрі Абделлатиф Уахбимен кездесу өткізді.

Марокко делегациясын қарсы алған қазақстандық қадағалау органының басшысы келесі жылы Қазақстан мен Марокко дипломатиялық қатынастарының орнағанына 35 жыл толатынын атап өтті.

Осы кезең ішінде екі мемлекет арасында өзара құрмет пен сындарлы диалогқа негізделген орнықты әріптестік қалыптасты.

Марокко Корольдігінің Әділет министрі прокуратура органдарының құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметімен таныстырылды.

Шетелдік қонақтарға прокуратура органдарының қызметіне енгізілген, жұмыстың тиімділігін арттыруға және заң бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін заманауи ақпараттық жүйелер, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары таныстырылды.

Кездесудің жеке тақырыбы қылмыстық-құқықтық саладағы өзара іс-қимылды дамыту болды.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының айтуынша, 2024 жылы Марокко тарапымен қол қойылған қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, іздестірілудегі адамдарды ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы мемлекетаралық келісімдер екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды кезеңге айналды.

Марокко Қазақстанмен қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы ынтымақтастықтың толық шарттық-құқықтық базаны қалыптастырған Африка құрлығындағы алғашқы мемлекет екені атап өтілді. Ал жасалған халықаралық шарттар екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың, халықаралық құқықтық көмекті уақтылы көрсетудің және трансұлттық қылмыс түрлеріне қарсы бірлескен іс-қимылдың берік негізін қалады.

Өз кезегінде Марокко Корольдігінің Әділет министрі Қазақстан мен Марокко арасындағы сенімге негізделген кәсіби әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, оны одан әрі дамытуға және өзара қызығушылық тудыратын барлық мәселелер бойынша құзыретті органдар арасында тәжірибе алмасуға мүдделілік білдірді.

Кездесу соңында тараптар халықаралық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ екі мемлекеттің азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан-Марокко ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1268653?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді