
2026 жылғы 4 тамызда облыс прокуратурасының қызметкерлері халыққа тегін құқықтық көмек көрсету мақсатында «Құқықтық дәріхана» кезекті акциясын өткізді.
Әрбір өтініш – нақты өмірлік жағдай. Азаматтар тұрғын үй қатынастары, отбасы құқығы, әлеуметтік кепілдіктер, сот шешімдерін орындау, балалардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша құқықтық кеңес алды.
Жеке өтініштер бойынша одан әрі құқықтық сүйемелдеу ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға құқықтық кеңес беріп қана қоймай, олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажетті іс-қимыл алгоритімін түсіндіру.
Іс-шара барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәселен, Петропавл қаласының тұрғыны өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдардың несие рәсімдеуге және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болғанын жеткізді. Прокурорлар азаматқа мұндай жағдайда әрекет ету тәртібін, құқық қорғау органдарына дереу жүгіну қажеттігін және жеке деректерді қорғау шараларын жан-жақты түсіндірді.
Тағы бір өтініш Аққайың ауданының тұрғынынан түсті. Оның айту бойынша, жұмыстан босатылғаннан кейін жұмыс беруші соңғы есеп айырысуды жүргізбей, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы төлемеген. Азаматқа еңбек заңнамасында көзделген құқықтары, уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және құқықтарын сот арқылы қорғау тетіктері түсіндірілді.
Облыс прокуратурасы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясын тұрақты негізде жалғастырады.
Есіл ауданының тұрғыны сатып алған қымбат тұрмыстық техниканың ақаулы болып шыққанын хабарлады, алайда сатушы оның ақысын қайтарудан бас тартқанын жеткізді. Азаматқа тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәртібі, сатушыға талап қою тетігі және өз құқықтарын сотқа дейінгі және сот тәртібімен қорғау жолдары түсіндірілді.
Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін төлемақы есептеу мәселесі бойынша жүгінді. Өтінішті қарау нәтижесінде тұрғындарға қолайсыз тұрғын үй санаты бойынша тариф қайта қаралып, төмендетілді.
Сонымен қатар, пробациялық бақылауда тұрған екі сотталған азаматты жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетілді.
Акция барысында барлығы 146 азамат қабылданды. Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бері облыс прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» жобасы аясында 2 мыңнан астам азаматқа құқықтық көмек көрсетті.
Облыс прокуратурасы тұрғындарды әр сейсенбі күні Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде, сондай-ақ облыстың барлық аудан орталықтарында (сауда-ойын-сауық орталықтары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, мәдениет үйлері, аудандық ауруханалар және өзге де қоғамдық орындарда) өткізілетін «Құқықтық дәріхана» акциясына қатысып, білікті құқықтық көмек алуға шақырады.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-sko/press/news/details/1268650?lang=ru

Жауап қалдыру