Алматыда техникалық ақауы бар жүк көліктері бағытқа шығарылмайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрі қаланың экологиялық ахуалына кері әсер ететін жүк көліктерін анықтау бойынша кешенді жұмыс жалғасуда.

Полиция қызметкерлері жүк көліктерінің техникалық жай-күйіне ерекше назар аударады. Рейдтік іс-шаралар барысында тежегіш жүйесінің, рульдік басқарудың, шиналардың, жарықтандыру құрылғыларының жарамдылығы, сондай-ақ көлік құралдарының пайдаланылған газдардағы улы заттар мен түтін деңгейі бойынша экологиялық талаптарға сәйкестігі тексеріледі.

Бүгінде мегаполисте 48 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Биылғы жылдың жеті айында ғана 16 мыңнан астам жүк көлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Техникалық ақауы бар көлік құралдарын басқарғаны үшін 1 033 құқық бұзушылық анықталды. Ал пайдаланылған газдардағы зиянды заттардың рұқсат етілген мөлшерінен асырғаны үшін 229 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 42 жүк көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.

Бұдан бөлек, шілде айының ортасынан бастап Алматыда жүк көліктері жүргізушілері жіберетін құқық бұзушылықтарды тәулік бойы анықтайтын мамандандырылған мобильді топ жұмыс істеуде. Осы кезеңде Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 428 дерегі анықталып, 21 жүк көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.

«Жолға шығатын әрбір жүк көлігі Қазақстан Республикасының қауіпсіздік және экологиялық талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Ақаулы тежегіш жүйесі, тозған шиналар немесе пайдаланылған газдың шамадан тыс түтіндеуі – ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін нақты қауіп факторлары. Біздің міндетіміз – мұндай көлік құралдарын дер кезінде анықтап, олардың әрі қарай пайдаланылуына жол бермеу. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасады, өйткені мәселе тек заң талаптарын сақтау ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Алматының қолайлы экологиялық ахуалын сақтау болып табылады», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-almaty/press/news/details/1271048?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді