
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің цифрлық дамуына жаңа серпін беретін маңызды құжат – 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді.
Бұл – цифрландыруды жекелеген салалардағы жобалар деңгейінен шығарып, оны ел экономикасы мен мемлекеттік басқарудың негізгі тетігіне айналдыратын стратегиялық шешім.
Стратегия аясында жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу, экономиканың негізгі салаларын цифрландыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, IT-индустрияны дамыту және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеру көзделген.
Түркістан үшін бұл бағыттың маңызы ерекше.
Бүгінде Түркістан – қарқынды дамып келе жатқан заманауи қала. Қаламыздың инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, көлік қозғалысын тиімді басқару, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру сияқты бағыттардың барлығында цифрлық технологиялардың мүмкіндігін барынша пайдалануымыз қажет.
Жасанды интеллект пен заманауи цифрлық шешімдер – біздің мақсатымыз емес, халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін құрал.
Сондықтан алдағы кезеңде Түркістанда «ақылды қала» қағидаттарын дамытуға, басқару үдерістерін цифрландыруға және тұрғындардың өмір сапасын арттыратын технологиялық шешімдерді кеңінен енгізуге басымдық береміз.
Басты мақсатымыз – технологияны технология үшін емес, Түркістан тұрғындарының игілігі үшін пайдалану.
Цифрлық трансформация – уақыт талабы. Ал Түркістан бұл өзгерістен тыс қалмай, жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып, заманауи, қауіпсіз әрі жайлы қаланың үлгісін қалыптастыруы тиіс.
Біздің міндет – Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарды жергілікті жерде нақты істермен жүзеге асыру.
Цифрлы Түркістан – тиімді басқару, сапалы қызмет және тұрғындарға қолайлы орта!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1271910?lang=kk

Жауап қалдыру