
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауыр жүк көліктерінің қозғалысы және күре жолдарға рұқсатсыз қосылу мәселелері талқыланған кеңес өтті.
Жиынға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының, көлік прокуратурасының, көліктік бақылау инспекциясының, полиция департаментінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, сондай-ақ, жүк тасымалдаумен және өндірістік жобалармен айналысатын бірқатар компаниялардың өкілдері қатысты.
Кеңесте облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қазіргі жай-күйі, ауыр жүк көліктерінің жол жабынына түсіретін салмағы, салмақ-габариттік талаптардың сақталуы және бақылау бекеттерін айналып өту фактілері қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбек Әнуарбеков пен облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Арман Ертурин баяндады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының мәліметінше, өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2175 шақырымды құрайды. Оның 76 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 24 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Соңғы екі жылда «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» бағыттарында 583 шақырым жол жаңартылды. Бұдан бөлек 258 шақырым жолға асфальт төселіп, биыл тағы 154 шақырымда орташа жөндеу жүргізілуде.
Жиында облыс аумағындағы республикалық жолдардың 710,5 шақырымы кен, қиыршық тас, құм-қиыршықтас қоспасы және өзге де материалдарды тасымалдайтын ауыр жүк көліктерінің тұрақты қозғалыс аймағына айналғаны айтылды. Әсіресе «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас», «Алматы – Өскемен», «Таскескен – Бақты» және «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолдарына жүктеме жоғары. Алдын ала есеп бойынша рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асатын көлік құралдарының қозғалысынан жолдарға келтірілген залал шамамен 206 миллион теңгеге жеткен.
Аймақ басшысы ауыр жүк көліктерінің жаңадан жөнделген жолдарды бүлдіруі тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің біріне айналғанын айтып, жауапты мекемелерге бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Аудандарды аралау кезінде жергілікті тұрғындар тарапынан ауыр жүк көліктерінің жолды бұзу фактілері бойынша шағым көп айтылады. Бұл – өте өзекті, күнтәртібіндегі мәселе. Облыстағы республикалық маңызды жолдар енді ғана жөнделіп, жаңартылған уақытта ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмағы күре жолдарға зардабын тигізіп жатыр. Бұл мәселені қазір қолға алып, бақылау орнатуымыз қажет. Халықтан түскен арыз-шағымдар негізінде «ҚазАвтожол» филиалы көліктік бақылау инспекциясы, полиция департаментімен бірлесіп, рейд жүргізу керек», – деді Берік Уәли.
Жиында автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау жүйесінің жұмысына да назар аударылды. Қазіргі уақытта 691 және 783 шақырымдарда көлік құралдарының салмақ-габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станциялар орнатылған. Алайда көліктердің оларды өздері салып алған рұқсатсыз жолдар арқылы айналып өту фактілері тіркелген.
Сонымен қатар «Алматы – Өскемен», «Таскескен – Бақты», «Омбы – Майқапшағай» және басқа да республикалық жолдарда Ұлттық оператордың келісімінсіз салынған рұқсатсыз кірме жолдар мәселесі көтерілді. Мұндай қосылулар жол қозғалысы қауіпсіздігіне, су бұру жүйесіне және жол жабынының сақталуына кері әсер етеді.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі жүк тасымалдаушы мекемелердің белгіленген салмақ параметрлерін сақтауын қатаң бақылауды, қажет болған жағдайда техникалық жолдар салу мүмкіндігін қарастыруды, республикалық жолдарға заңсыз қосылу жағдайын кезең-кезеңімен жоюды және атқарылған жұмыстардың нәтижесін тоқсан сайын әкімдік деңгейінде қарауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1273265?lang=ru

Жауап қалдыру