Қазақстан құрамасы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындалып жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен ұлттық құраманың XX жазғы Азия ойындарына дайындығына арналған кеңес өтті. Жиынға спорт федерациялары мен өңірлік басқармалардың өкілдері қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына дайындалып жатыр. Сары құрлық додасына Азияның 45 елінен 15 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыста спорттың 469 түрінен жүлделер сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасы спорттың 35 түрінен сынға түсуді жоспарлап отыр. Құраманың алдын ала тізіміне 571 спортшы енген. Бұл Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарындағы көрсеткіштен жоғары. Ол кезде Қазақстан атынан 523 спортшы өнер көрсеткен еді.

Ұлттық құраманы жасақтау кезінде спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелері ескеріледі.

Министрлік тарапынан нақты медаль жоспары бекітіліп, оны орындау міндеті спорт федерацияларына жүктелді. Жоспарға сәйкес, Қазақстан құрамасы 99 медаль жеңіп алуды көздеп отыр.

Ойындарға дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі – федерациялардың халықаралық аренадағы жұмысы. Халықаралық федерациялармен және бейінді мамандармен алдын ала кәсіби байланыс орнату спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.

Туризм және спорт министрлігі ұлттық спорт федерацияларымен бірлесіп, құраманы дайындаудың кешенді жоспарын әзірледі. Спортшылардың оқу-жаттығу процесі ұйымдастырылып, медициналық және психологиялық қолдау, тамақтану, қажетті спорттық құрал-жабдықтар және білікті жаттықтырушылармен қамтамасыз ету мәселелері жолға қойылды.

Дайындықты күшейту мақсатында 11 елден спорттың 13 түрі бойынша 24 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды.

Жыл басынан бері ұлттық құрамалар 226 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 282 халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде 26 әлем чемпионаты, 71 Әлем кубогі кезеңі, 37 Азия чемпионаты және спорттың 68 түрінен 148 халықаралық турнир бар.

Азия ойындарына дейін отандық спортшылар тағы 31 халықаралық жарысқа және 73 оқу-жаттығу жиынына қатысады.

Нагояда өтетін XX жазғы Азия ойындары Қазақстан үшін 2026 жылғы басты спорттық додалардың біріне айналмақ. Ұлттық құраманың дайындығы жүйелі түрде жүргізіліп, спортшыларды жан-жақты қамтамасыз етуге, жаттықтырушылар құрамын кеңейтуге және халықаралық жарыстардағы тәжірибесін арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1273787?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді