
Қауіпсіз еңбек жағдайлары – жай ғана ұсыным емес, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген жұмыс берушінің міндеті.
Жұмысшының өмірі мен денсаулығы – еңбек заңнамасының негізгі басымдықтарының бірі. Жұмыс беруші жұмысты зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін барынша болдырмайтындай немесе төмендететіндей етіп ұйымдастыруға міндетті.
📌 Жұмыс беруші нақты не істеуге міндетті?
ҚР Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
🔹 Кәсіптік тәуекелдерді бағалауға және оларды барынша азайту мен жою жөнінде шаралар қабылдауға, оның ішінде профилактика жүргізуге, жабдықтар мен технологиялық процестерді қауіпсіз түрлеріне ауыстыруға;
🔹 Жұмысшыларды қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуға, нұсқама беруге және білімдерін тексеруге;
🔹 Жұмысшыларды өндірістік процестерді қауіпсіз жүргізу және жұмыстарды орындау үшін қажетті құжаттармен және нұсқаулықтармен қамтамасыз етуге;
🔹 Өндірістік жабдықтардың, ғимараттардың, құрылыстардың және жұмыс орындарының белгіленген талаптарға сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
🔹 Еңбек жағдайлары бойынша қажет болған жағдайда жұмысшыларды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
🔹 Заңнамада, келісімдерде және ұжымдық шарттарда көзделген жағдайларда міндетті медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге;
🔹 Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды заңнамада белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруге;
🔹 Қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыруға және еңбекті қорғауды басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
🔹 Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
💰 Қаржыландыру: жұмыс берушінің есебінен.
ҚР Еңбек кодексінің 180-бабына сәйкес қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
❗ Жұмысшы қауіпсіздік және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге байланысты шығыстарды көтермеуге тиіс.
Сонымен қатар жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі үшін жауапкершілігі жұмысшының өз міндеттерін орындау қажеттігін жоққа шығармайды.
Жұмысшы қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға, берілген жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға, қажетті оқытудан және медициналық қарап-тексерулерден өтуге, сондай-ақ қауіпті жағдайлар, өндірістік жарақаттар және өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін өзге де мән-жайлар туралы жұмыс берушіге дереу хабарлауға міндетті.
⚠️ Маңызды: жұмыс беруші тек формалды нұсқама өткізумен шектелмеуге тиіс. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау – кәсіптік тәуекелдерді бағалауды, жұмысшыларды оқытуды, жабдықтардың жарамдылығын, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді, медициналық қарап-тексерулерді, бақылауды және еңбек жағдайларын тұрақты жетілдіруді қамтитын кешенді жүйе.
📖 ҚР Еңбек кодексінің негізгі нормалары:
* 22, 23-баптар – жұмысшының қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы негізгі құқықтары мен міндеттері;
* 180-бап – қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптары және іс-шараларды қаржыландыру;
* 181-бап – жұмысшының қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері;
* 182-бап – жұмыс берушінің қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері;
* 182-1-бап – қабылдаушы тараптың қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері.
Есте сақтаңыз: қауіпсіз еңбек жағдайлары – ең алдымен адамның өмірі мен денсаулығын сақтау!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-enbek/press/news/details/1273596?lang=kk

Жауап қалдыру