Маңғыстауда Әскери-теңіз туының көтерілгеніне 30 жыл толуы атап өтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 15 тамызда Ақтау қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионының айлағында Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков, әскери қызметшілер, Әскери-теңіз күштерінің ардагерлері, жеке құрам және шақырылған қонақтар қатысты.

Отыз жыл бұрын дәл осы Каспий теңізінің жағалауында тәуелсіз Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің туы алғаш рет көтерілді. Осы тарихи сәттен бастап еліміздің Каспийдегі мемлекеттік шекарасын, егемендігі мен ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған отандық әскери флоттың қалыптасу жолы басталды.

Әскери теңізшілер мен ардагерлерді мерейтоймен құттықтаған Маңғыстау облысының әкімі Әскери-теңіз күштерінің ел қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерді қорғаудағы айрықша рөлін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту – стратегиялық маңызы бар міндет. Осы тұрғыда Қазақстанның Каспийдегі мемлекеттік шекарасын, егемендігі мен ұлттық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін Әскери-теңіз күштерінің қызметі айрықша маңызға ие. Отыз жыл ішінде Әскери-теңіз күштері қалыптасудың үлкен әрі абыройлы жолынан өтті. Бүгінде бұл – жауынгерлік даярлығы жоғары, заманауи білімі мен мол тәжірибесі бар кәсіби әскери құрылым. Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін құрудың бастауында тұрған ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің қызмет жолдарыңыз – кейінгі ұрпақ үшін ерліктің, Отанға және әскери борышқа адалдықтың үлгісі. Сіздер қалыптастырған әскери қызмет дәстүрлері – баға жетпес мұра әрі еліміздің теңіздегі қауіпсіздігін одан әрі нығайтудың берік негізі», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Салтанатты рәсім барысында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Әскери-теңіз күштерінің туы көтерілді. Әскери қызметшілер салтанатты сап түзеп өтті. Іс-шараның концерттік бағдарламасынан кейін қатысушылар мен қонақтарға әскери кемелер таныстырылып, Әскери-теңіз күштерінің экипаждары мен әскери техникасы көрсетілді.

Бүгінгі дата – тарихқа деген құрметтің ғана емес, Отанға қызмет ету, мемлекеттік шекараны қорғау және Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты кәсіби борышы санайтын әскери қызметшілер ұрпақтары сабақтастығының да символы.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1274711?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді