Ербол Қарашөкеев Байзақтағы әлеуметтік, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданына барып, әлеуметтік, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын зерделеді.
 
Жұмыс сапары «Ново-Михайловский» каналын қайта жаңғырту жобасымен танысудан басталды. Суару жүйесі 800 гектар алқапты қамтиды. Ислам даму банкі арқылы қаржыландырылған жобаны 2026-2027 жылдары іске асыру көзделген. Мердігер – «Темір Строй Сервис и К» ЖШС. Бүгінде жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын каналдың 1,5 шақырымы жөнделді.
 
Байзақ ауданында жалпы ұзындығы 55 шақырымнан асатын 17 канал қайта жаңғыртылады. Жобаны іске асыру нәтижесінде 5 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қамту жақсарып, ауыл шаруашылығы алқаптарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік туады.
 
Ербол Қарашөкеев жауапты мамандарға құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстау және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, шаруаларға қажетті су көлемін тұрақты жеткізу мәселесіне баса мән беру жүктелді.
 
Бұдан кейін Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектепте орналасқан №523 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты. Сайлау учаскесінің материалдық-техникалық дайындығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды.
 
Сапар барысында туризмді дамытуға бағытталған инвестициялық жобаның құрылыс алаңында болды. Этноауыл, ат спорты және балық шаруашылығы нысандарын қамтитын демалыс орнын аудан тұрғыны Есей Мұхиев жүзеге асыруда. Құны 3 млрд теңге болатын кешен тәулігіне 400 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба аясында 50 жаңа жұмыс орны ашылады. ұрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
 
Өңір басшысы инвесторға қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге қолдау көрсетіп, нысанды іске қосу мерзімдерін сақтауды және жаңа жұмыс орындарының ашылуын бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар туристік нысанның қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударуды жүктеді.
 
Аққия ауылында 100 орындық жаңа мектепті аралап көрді. Білім беру нысанының материалдық базасы мен оқу процесіне дайындығы назарға алынды.
 
Дихан-2 ауылында «AZHAR» қызанақ өңдеу цехының жұмысымен танысты. Жоба жетекшісі Жалғас Әбілдабековтің айтуынша, құны 500 млн теңге болатын кәсіпорын жылына 3 мың тонна дайын қызанақ өнімін өндіруге қауқарлы. Өндірісті тамыз айының соңына дейін іске қосып, 8 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
 
Облыс әкімі кәсіпорынның өндірістік қуатын толық пайдалану, жергілікті шикізат үлесін арттыру және өнім түрлерін көбейту қажеттігін атап өтті. Аудан әкімдігіне кәсіпкерлік нысанына қажетті қолдау көрсетіп, өндірісті кеңейту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған мүмкіндіктерді қарастыру тапсырылды.
 
Жұмыс сапары Диқан ауылындағы сумен жабдықтау инфрақұрылымының құрылыс барысын бақылаумен қорытындыланды. Жоба аясында 10 шақырым су құбыры желісі тартылып, су тарту құрылыстары салынады. Бұл жұмыстар мамыр айында басталған, нысанды қарашада аяқтау жоспарланған. Мердігер – «SAT Construction» ЖШС. Жоба нәтижесінде 262 ауладағы 1843 тұрғын таза ауызсумен қамтылып, 11 көшеге су желісі тартылады.
 
Өңір басшысы тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі екенін еске салды. Жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімнен кешіктірмеу, пайдаланылатын материалдардың сапасын бақылау және нысан іске қосылғаннан кейін су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1277742?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді