
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Тұмабұлақ ауылына табиғи газ берілді. 65 жыл бойы көмір мен отын пайдаланып келген ауыл тұрғындары енді көгілдір отынға қол жеткізді.
Газды іске қосу рәсімінде бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Тұмабұлақта газ жағылған алғашқы үйлердің бірі – Ақсауле Симатованың шаңырағы. Ол 2001 жылы ауылға келін болып түскен. Бүгінде Басқұдық жалпы білім беретін орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ұстаз үшін бұл күн – көптен күткен қуаныш.
«Президентке және осы газдың ауылымызға келуіне атсалысқан барлық азаматқа тұрғындар атынан алғыс айтамын», – деді Ақсауле Симатова.
Ауыл тұрғыны үшін көгілдір отынның келуі – ең алдымен күнделікті тұрмыстың жеңілдеуі.
«Бұрын отын, көмір жағып отыратын едік. Қазір оның бәрінен құтылып, үйімізде отырып газ жағатын болдық», – дейді кәсіпкер Самалбек Ташаманов.
Тұмабұлақтағы оң өзгерістер газбен ғана шектелмейді. Ауылда жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да қолға алынған.
Ауыл жасы Нұржан Таңатаровтың айтуынша, бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесі.
«Тұмабұлақ ауылымызға көгілдір отын келіп, ауыл халқы қуанып жатыр. Газбен қатар жол құрылысының да бастау алуы – ауылымыз үшін үлкен қуаныш. Тұрғындардың тұрмыстық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарға ауыл халқы шын жүректен алғыс білдіреді», – деді ол.
«Қаншама жағдай жасалып жатыр. Жолымыз да келіп жатыр. Ауылға барлық жағдай жасалып жатқанына алғысым шексіз», – деді ауыл тұрғыны Тынышгүл Жалелова.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов Тұмабұлақты газдандыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық елді мекендердегі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық елді мекендерде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жедел дамыту жөнінде тікелей тапсырмасы бар. Біз осы тапсырманы орындау аясында ауылдарға газ құбырларын жеткізіп жатырмыз. Тұмабұлаққа көгілдір отынның берілуі – осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі», – деді Ғалымжан Елеуов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1277746?lang=ru

Жауап қалдыру