
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН КЕҢЕСІ ӨТТІ
2026 жылғы 20 тамызда Тараз қаласында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңеске облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары қатысты.
Кеңес барысында аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық, атап айтқанда, сайлау учаскелерінің дауыс беруге әзірлігі туралы есеп берді. АСК төрағалары сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық дайындығы, анықталған мәселелер және оларды шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Кеңесте аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту жұмыстарының қорытындылары, дауыс беру күніне дайындық барысы, ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыру, есептік нысандар мен сайлау құжаттарын жоғары тұрған комиссияларға жеткізу тәртібі және сайлау процесін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Отырыс барысында сайлаушыларды онлайн-сервистер арқылы ақпараттандыру, сайлау учаскелеріндегі байланыс және интернет желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ тиісті уәкілетті органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығына да ерекше мән берілді. Атап айтқанда, сайлау бюллетеньдерін тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің жол бойындағы сүйемелдеуін ұйымдастыру және бюллетеньдерді сақтау орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар белгіленді.
Кеңесте дауыс беру күніндегі ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жеке қаралып, Тараз қаласы мен барлық аудандардағы сайлау учаскелерін ақпараттық қамтудың маңыздылығы атап өтілді.
Әрбір сайлау учаскесінен фото және бейнематериалдар әзірлеп, оларды әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында уақытылы жариялау, сайлау процесінің ашықтығы мен азаматтардың белсенді қатысуын көрсететін мазмұнды ақпараттық материалдар ұсыну міндеті қойылды.
Кеңес қорытындысы бойынша, дауыс беру күнінде сайлаушылар үшін қажетті жағдайларды жасау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, сайлау процесін заң талаптарына сәйкес өткізу тапсырылды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1277714?lang=ru

Жауап қалдыру