
Ағымдағы жылдың 19 тамыз күні «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында Абай ауданы білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Шара пленарлық және секциялық бөлімнен тұрды.
Конференция жұмысы ҚР Оқу- ағарту министрі Ж.Д Сүлейменованың педагогтерге бейнеүндеуімен басталды.
«Жаңа Конституцияның құндылықтарын білім мен тәрбие мазмұнына сіңіру – бүгінгі педагогтің маңызды міндеттерінің бірі. «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары мектептер мен балабақшадан бастау алып, баланың күнделікті өмір салтына айналуы қажет», – деген ұстаным кеңес барысында кеңінен қолдау тапты.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен маңызды жиын аудан әкімі Смағұлов Мейржан Серікбосынұлының, бөлім басшыларының және ауданның білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер мен білім саласының өкілдерінің қатысуымен өтті.
Конференция барысында Абай ауданы білім бөлімінің басшысы Скакова Бакизат Нұрмұхаметқызы 2025–2026 оқу жылының қорытындыларын саралап, 2026–2027 оқу жылына арналған басым міндеттерге тоқталды. Білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, оқыту мен тәрбиенің сабақтастығын қамтамасыз ету, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, STEM, инклюзивті білім беру және кәсіптік бағдар беру бағыттары талқыланды.
Пленарлық жиында Абай ауданының әкімі Смағұлов Мейржан Серікбосынұлы аудан педагогтерін жаңа оқу жылының басталуымен қүттықтап, білім саласының үздіктерін марапаттады. Білім беру мекеме басшылары озық тәжірибелерімен бөлісіп, мектеп, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының адами капиталды дамытудағы жаңа миссиясы мен даму бағыттары ұсынылды.
Тамыз кеңесінің секциялық бөлімінде білім берудің өзекті бағыттары талқыланып, педагогтер озық тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа оқу жылына арналған міндеттер мен тиімді жұмыс тәсілдерін ортаға салды.
Тамыз конференциясы – өткен оқу жылына қорытынды жасап қана қоймай, жаңа оқу жылына жаңа мақсат, тың серпін және нақты міндеттермен қадам басатын маңызды алаң.
Білім – ел болашағының берік іргетасы. Ал сол іргетасты қалыптастыратын – ізденімпаз, кәсіби әрі жаңашыл ұстаз.
Жаңа оқу жылы барша білім беру қызметкерлеріне жаңа жетістіктер, шығармашылық табыс және толағай нәтижелер әкелсін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-roo/press/news/details/1277890?lang=kk

Жауап қалдыру