Маңғыстауда педагогикалық колледждің материалдық-техникалық базасы нығаюда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаңа оқу жылы қарсаңында Маңғыстау облысында студенттерге заманауи әрі жайлы білім алуға жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. 20 тамызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжіне барып, оқу орнындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен және материалдық-техникалық базаның жаңартылуымен танысты.

1983 жылы негізі қаланған колледж – бүгінде өңірдегі педагог кадрларды даярлайтын негізгі кәсіптік білім беру ұйымдарының бірі. Қазіргі таңда мұнда 7 мамандық және 12 біліктілік бойынша 1 276 студент білім алады. Оқу үдерісін 78 педагог қамтамасыз етеді.

Мамандар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш білім беру, тіл мен әдебиет, дене шынықтыру және спорт, информатика, логопедия секілді сұранысқа ие бағыттар бойынша даярланады. Білім беру сапасын арттырумен қатар, заманауи педагогикалық технологияларды енгізуге және болашақ мамандардың практикалық кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға басымдық берілуде.

Колледждің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Оқу кабинеттері жаңа жиһаздармен және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Интерактивті кабинеттер жасақталып, ақпараттық дүңгіршектер мен цифрлық панельдер орнатылды. Сондай-ақ 3D-принтер, робототехника және бағдарламалау бойынша оқу жинақтары сатып алынды. Кітапхана қоры 5 795 дана жаңа әдебиетпен толықтырылды.

Заманауи білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету студенттердің практикалық және цифрлық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ педагогтерді даярлауға қойылатын қазіргі талаптарға сай білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Педагог кадрлар білім сапасын айқындап, өңірдің болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан осы сала мамандарын даярлайтын оқу орындарында заманауи әрі жайлы білім беру ортасы қалыптасуға тиіс. Материалдық-техникалық базаны нығайту, кабинеттерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, студенттер мен педагогтерге лайықты жағдай жасау – сапалы білім берудің маңызды құрамдас бөлігі. Жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, колледж инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Колледж жұмысының маңызды бағыттарының бірі – инклюзивті білім беруді дамыту. Осы мақсатта «Логопедия» мамандығы енгізіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кәсіби көмек көрсететін мамандар даярлануда.

Колледж базасында логопедиялық зертхана да жұмыс істейді. Мұнда Ақтау қаласындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға логопедиялық көмек көрсетіледі. Жүргізіліп жатқан түзету жұмыстарының нәтижесінде балалардың сөйлеу және тілдік дағдыларында оң динамика байқалуда.

Студенттердің тәжірибеге бағытталған даярлығына да ерекше мән берілуде. Білім алушылар WorldSkills, Batys Skills және Dala Skills кәсіби шеберлік чемпионаттарына, спорттық және шығармашылық байқауларға, инновациялық жобалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Колледж педагогтері де кәсіби біліктілігін тұрақты арттырып келеді. Бұл бағытта халықаралық тағылымдамалардан өтуге және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға басымдық берілуде.

Колледждің негізгі көрсеткіштерінде де оң динамика бар. 2025-2026 оқу жылында педагогтердің білімін бағалау көрсеткіші 76 пайызға жетіп, түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 93 пайызды құрады.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде және барлық қажетті талаптарға сай сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайтып, студенттердің білім алуы мен педагогтердің жұмыс істеуіне заманауи жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Педагогикалық білім беруді дамыту – өңірдің адами капиталының сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Заманауи білім беру ортасын қалыптастыру, оқу орындарын цифрлық құралдармен жабдықтау және болашақ педагогтерді тәжірибеге бағыттап даярлау Маңғыстау облысының білім беру жүйесіне қажетті кәсіби кадрларды қалыптастыруға негіз болады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1277889?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді